Қарызсыз өмір сүрудің жолдары қандай?

19 Мамыр 2023, 12:25
4418
Бөлісу:
Қарызсыз өмір сүрудің жолдары қандай?
Фото: Артём Чурсинов

Елімізде ауыл тұрғындарының қаржы сауатын арттыру бойынша әлеуметтік жобаның алғашқы нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту жөніндегі Ассоциация төрағасы Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, қазіргі кезге дейін оқудан 6 мыңнан астам адам өтті.

Жоба еліміздің 8 аймағындағы ауыл тұрғындары үшін жүріп жатыр. Қазірге дейін 6120 адамды оқыттық. Оқуға келгендердің 81 пайызы әйелдер екенін айта кетейін. Сондай-ақ келушілердің арасында қарызға батқандар да, орта кәсіппен айналысатыдар да бар. Ауылдық жерде несие бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен адамдар көп жүгінеді. Себебі олар сол несие қарызынан құтылғысы келеді. Біз оларға заң және қаржы сауаты тұрғысынан көмек береміз. Негізі қаржы жағанын сауатты болу адамның әлеуметтік жағдайына немесе табатын табысына байланысты емес. Сондықтан біздің басты мақсат - адамдарды өз қаржысын барынша дұрыс басқаруға үйрету, - дейді Ақмарал Бекмұрзаева.

Оның айтуынша, адамдарда қаржы көзінің 3 түрі болуы керек. Ол - айлық, пассивті кіріс және инвестиция.

Біз өз сабақтарымызда осындай пайдалы ақпаратты бөлісіп, практика жүзінде әртүрлі қаржы инструменттеріне үйретеміз. Әр оқу 5 күнге жалғасады. Сабақтар Аmanat партиясының аудандық филиалдарында ұйымдастырылады. Сондықтан қатысамын деген кез келген адам сол жерге келе алады, - деді ол.

Сондай-ақ Ақмарал Бекмұрзаева қарызсыз өмір сүрудің жолдарын айтты.

Ең бастысы өзіңіздің шығындарыңызды реттеу керек. Бір айда не нәрсеге қанша жұмсағаныңызды есептеп шығыңыз. Мәселен супермаркетке тізіммен барыңыз, сондай-ақ заттарды эмоциямен сатып алмаңыз. Егер қандай да бір зат алғыңыз келсе, онда 72 сағат шыдаңыз. Шешімді осы уақыттан кейін қабылдаңыз. Ақшаны еселеудің ең тиімді түрі - депозит. Сондықтан аз да болсын, депозит ашып, ақша жинай беру қажет, - деп кеңес айтты ол.

Айта кетейік, Аmanat партиясы мен Halyk Bank қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы 2 мамырда бастау алған. Әлеуметтік бастама 2023 жылдың соңына дейін жалғасып, Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының 60 мыңға жуық тұрғынын қамтымақ.

Өзгелердің жаңалығы