Қазір бәріміздің көкейімізде жүрген ортақ сұрақтар бар: жәрдемақы мен зейнетақы жеткілікті ме, күн сайын шарықтап бара жатқан бағалармен қалай күресеміз, несиеден қашу мүмкін бе?.. Осындай маңызды әрі халыққа пайдалы тақырыптар төңірегінде BAQ.KZ тілшісі қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызымен әңгімелесті. Сарапшымыз жәрдемақы мен зейнетақының қазіргі көлемі, бағаның өсуі, несие мен қарызға қатысты ойларын бөлісіп, әр отбасына пайдалы болатын нақты кеңестер айтты.
"Жәрдемақы мен зейнетақы аз"
"Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар халықтың қажеттілігін өтеуге жете ме?" деген сұраққа сарапшы "жетпейді" деп жауап берді.
Оның сөзінше, еліміз ең аз төлем беріп отыр.
Халық әлеуметтік төлем, жәрдемақыға қарап отыра берсе, жағдайы қиын болады. Оны азық-түлікке, дәрі-дәрмекке жеткізу өте қиын. Яғни бұл төлемдер қазіргі қажеттіліктерімізді толықтай өтемейді деп есептеймін. Бірақ Үкіметтің бере алатыны осы ғана болып тұрғандықтан, бізге табыстың басқа жолдарын іздестіру қажет, - деді сарапшы.
Гүлнұр Нұрланқызы баланы жоспарлаған кезде де табысты ойлап, алдын ала “қалтасын жасауға” кеңес берді. Сондай-ақ сарапшы үйде отырып-ақ қосымша табыс табудың жолын іздеу керегін айтты.
Сонымен қатар зейнетақыға шығуға да дайындалу керек. Себебі оның көлемі де аз. Мысалы, жеке кәсіппен айналысатындар зейнетақы қорына ең төменгі соманы төлегісі келеді. Ал ол ертең зейнетақысының аз болып қалатынын ойламайды. Уақытында көрерміз деп ойлайды. Ол қаржылық сауаттың төмен екендігінің бір көрсеткіші. Біз тіпті өмірді, денсаулықты сақтандырмаймыз. Сәйкесінше, ертең бір жағдай болғанда, мемлекеттің ең төменгі жәрдемақысын ғана алып отырады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін өмірді, денсаулықты сақтандырып, зейнетке шығуға көбірек ақша жинасақ, болашақта мемлекет беретін аз ақшаға мұқтаж болып отырмаймыз, - деп есептейді қаржы сарапшысы.
Ол үкіметті жамандай бергенше, өзіміз сөзден іске көшіп, әрекет етуіміз керегін айтты.
Ересек адам ретінде өз өміріміз үшін өзіміз жауаптымыз, - деп айтты Гүлнұр Нұрланқызы.
Несие қажеттілік пе, әлде әдет пе?
Несие алу әу баста қажеттіліктен туындаған. Кейін ол әрі қарай әдетке айналып кеткен. Қарыз бізде қай уақытта пайда болады? Ол жоспарымыз бен қазіргі табысымыз сәйкес келмеген кезде пайда болады. Көпшілік жіберетін қателік – жоспар жасамауында. Жоспар құрмайды, 5 жылдық немесе ұзақмерзімді қаржылық жоспар мүлдем жоқ. "Ақша келді, жаратты, келді жараттымен" өмір сүреді де, сол айда табысынан шығыны көп болып қалған кезде несиеге, қарызға кіріп кетеді, - дейді сарапшы.
Гүлнұр Нұрланқызы бұған не себеп екенін түсіндіріп өтті.
Оған Кеңес одағы кезіндегі жоспарлы экономиканың әсері болуы мүмкін. Ол кезде сіз ештеңені жоспарлаған жоқсыз, толып тұрған дүкен де болған жоқ. Сіз үшін барлығын үкімет жоспарлап отырды, балабақшадан кейін баратын мектеп дайын, мектептен кейін университет, кейін қайда жұмыс істегіңіз келеді – барлығы бөлініп, реттеліп қойған еді. Сол себепті жоспар жасалған. Ал нарықтық экономикада сізде жоспар болуы керек. Сіз үшін ешкім жоспар құрмайды. Міне, мысалы, сіздің ай сайын алатын тұрақты жалақыңыз бар. Оның көлемі 300 мың теңге делік. Алайда алда 8 наурыз келе жатыр. Құттықтайтын 5 адамыңыз бар. Олардың әрқайсысына 10 мың теңгеден сыйлық алған күннің өзінде сізде 50 мың теңге кетеді. Алайда наурызда сізге 50 мың теңгеге айлық түспейді. Сәйкесінше, сіз оны алдын ала жоспарлап, қаңтар мен ақпаннан ақша үнемдеп не болмаса қосымша табыс көзін іздеп, алдын алу керек, - деп айтты қаржы сарапшысы.
Гүлнұр Нұрланқызы жазда демалысқа барғыңыз келсе, оны да алдын ала жоспарлау қажеттігін ескертті. Күзде баланы мектепте дайындау процесін де жоспарлау керегін қоса кетті. Ол әр айға жоспар болса, адамда түсінік пайда болатынын айтады.
Әр айдағы шығынға қарап, соған қарай табыс болуы керегін түсінесіз. Кейде бір айдың айлығынан ақша артылуы мүмкін. Сол кезде жоспар болмаса, оны да жаратып тастауыңыз ықтимал. Сол себепті қаржылық жоспар міндетті. Ол несиені, шығынды азайтатыны сөзсіз, - деп атап өтті ол.
Қаржы сарапшысының айтуына қарағанда, несиені әрдайым "жаман" деп қабылдамау қажет.
Несие әрдайым жаман емес. Ол пышақ сияқты. Сіз онымен дәмді тамақ дайындап, жақындарыңызды тойдыра аласыз немесе басқа біреуге зиян келтіре аласыз. Сондықтан несие де дәл осыған ұқсас. Ол сізге көмекші құрал да немесе түбіңізге жететін құрал да болуы мүмкін. Бастысы – сіз оны не үшін, қандай мақсатпен алып жатырсыз, қалай оны қайтарасыз, қалай жұмсайсыз, - деп түсіндірді ол.
Нұрланқызы айтқандай, кредиттің пайыздық мөлшерлемесін, оның ауыртпашылығын есептей алу да маңызды.
Екінші жағынан, қарызды қайтару мәселесін де ойлану керек. Бізде "берсе, ала беремін" деген дүние бар. "Қалай қайтаратынымды болған кезде көреміз" дейді. "Болған кезде көреміз" деген түсінік қарыздың шұңқырына түсіріп жібереді. Сондықтан қарыз алардың алдында алдын ала жоспарлауға тиіспіз. Оның мақсатын анықтау өте маңызды, - дейді Гүлнұр Нұрланқызы.
Сонымен қатар қарызды алған күннің өзінде оны табысқа қарай алған жөн.
Егер қарыз табыстың 50%-ынан көп болса, онда несие алудың қажеті жоқ. Тағы бір мәселе – ол әдет болып қалыптасып кеткен. Егер бізге ақша жетпей жатса, қосымша табыс көзін емес, "кімнен қарыз сұрасам не болмаса қай банктен кредит алсам?" деп ойлаймыз. Тіпті өзімізге бермесе, туған-туысымызды апарып, солардың атына несие рәсімдеп тастаймыз. Бұл – өте қате. Басқа жолды ойласа, ми оны таба алады, - деп қорытындылады қаржы сарапшысы.
Тамақты несиеге алу дұрыс па?
Азық-түлікті "каспи редке"алған дұрыс па, әлде бұрыс па дейтін жағдайға келсек, бұл қате. Себебі азық-түлікке, яғни адамға керекті ең басты қажеттілікке табысымыз жеткілікті болуы керек. Егер күнделікті тұтынатын тамағымызға ақша жетпей жатса, демек бірдеңе дұрыс емес деген сөз. Бұл жерде жұмыс ауыстыруды не болмаса қосымша жұмыс табуды, я болмаса қазіргі біліміңіз көп табыс табуға жеткілікті болмаса, онда білім алу керек, жаңа машық, қабілет қалыптастыру керек. Қалай да табысты көтерудің жолын табу керек. Инфантильдік қарым-қатынаспен "маған Үкімет беруі керек еді, сол жұмысын істемей жатыр, жолымды байлап отыр" деген түсінік - кішкентай баланың ұстанымы, - дейді Нұргүл Нұрланқызы.
Өйткені кішкентай балалар тек қажеттілігін ғана айтып, үлкендердің әкеліп бергенін күтіп отырады.
Біз ересек адам ретінде өміріміз үшін өзіміз жауап беріп, табыс табудың жолдарын жасауымыз қажет. "Бұл қалыпты жағдай, маған банк осындай мүмкіндік беріп отыр" деп, қанағат тұтып жүре бермеу қажет. Бұл қате, - деп айтты сарапшы.
Ақша жинаудың қарапайым жолы қандай
Қаржылық сауат деңгейі төмен. Бірақ алдыңғы жылдармен салыстырғанда көтеріліп келе жатыр. Қазір соңғы зерттеулер бойынша қаржылық сауаттылық деңгейі 40,6%-ды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш бұрын 39% болған еді. Алайда халықтың көпшілігінде әлі күнге дейін жинаған ақшасы жоқ, - деді сарапшы.
Ол адамдардың көбінде “қауіпсіздік қалтасы” да жоқ екеніне назар аударды. Сөзінше, қауіпсіздік қалтасы қалай құрастырылатынын, қалай есептелетінін білмейді.
Егер айлықтан айлыққа ақшасы жетпей қалса, бірден кредит, микрозайм не болмаса туысқаннан қарыз ала салуды қалыпты жағдай көреді. Бұл қаржылық сауаттылықтың ең қарапайым талаптары. Осының өзін көп адам сақтай бермейді, - деп айтты Гүлнұр Нұрланқызы.
Сонымен қатар қаржы сарапшысы алаяқтарға алданып қалу фактілері де жиі кездесетініне тоқталды. Мысалы, 2023 жылғы статистика бойынша алаяқтарға алданып, салдарынан несие алған сома 5,8 млрд теңге болған. Яғни халық 5,8 млрд теңгеге алданып қалып отыр. Мұның барлығы қаржылық сауаттылықтың төмен екенін көрсетеді.
Қалай қаржылай сауатты болу керек? Неден бастау керек?
Біріншіден, білім алу.
Өкінішке қарай, бізде не балабақша, не мектеп, не ЖОО-ның бірде-біреуінде қаржылық сауаттылық бойынша міндетті сабақтар жоқ. Осылайша бұл тақырып не үйде айтылып қозғалмайды не мектеп, яғни білім беру жүйесі қозғамайды. Ересек адам айлығын қолына алғанда ғана қалай жарату керегін өзі шеше бастайды. Ал шын мәнінде, "ақшаны қалай қолдану керек, оны қалай жинау керек, қалай басқару керек?" деген қарапайым қағидалардың өзін білмейді. Бізге қаржылық сауаттылықты балабақшадан бастау керек. Одан кейін мектепте кәсіпкерлік, салық және қаржылық сауаттылық туралы сабақтар болуы керек деп ойлаймын, - деді ол.
Екіншіден, ішкі мотивация.
Адамның көзі ізденуі керек. Қазір кітаптар, курстар жеткілікті. Бірақ бұл тақырып жайында "іздену, оған қатысты курс ақталады" деп ойлайтындардың саны халықтың небәрі 12,8%-ы ғана екен. Қалғандары өзім үйреніп алатын сала деп есептейді. Олар бұл тақырып жайлы арнайы білім алудың қажеті жоқ деп есептейді. Сол себепті көп қателікке ұрынып жатады, - дейді сарапшы.
Қаржы сарапшысы қаржылай сауатты болуда ең негізгісі білім екенін айтты.
Үшіншіден, кіріс-шығысты есептеу.
Шығынды көргеннен кейін әр адам "қаржылық қалтасын" қалыптастыруды, ал егер шығынын дәл қазіргі табысы жаппаса, онда табысын көбейтудің жолдарын іздестіруі қажет, - дейді сарапшы.
Гүлнұр Нұрланқызы қаржылай сауатты болуды осындай қарапайым қадамдардан бастауға кеңес берді.
Қанша адам кедейлікте өмір сүріп жатыр
Дәл қазір Қазақстан халқының қаржылық жағдайы аса мәз емес. Себебі бізде қаржылық сауат төмен. Бәлкім соның салдарынан болар кредиттің мөлшері жоғары. Қазақстандықтар 20,7 трлн теңге қарыз. Оның ішінде 2024 жылғы 1 қаңтардың есебі бойынша, 890 мың адамның қарызы, берешегі коллекторларға өтіп кеткен, - деп жауап берді сарапшы редакциямыздың сұрағына.
Гүлнұр Нұрланқызы оған қоса халықтың табысы да төмен екенін айтты.
Зерттеуге сәйкес, Қазақстанда халықтың 5%-ы кедейлік шегінде өмір сүріп жатса, Дүниежүзілік банктің сараптамасына қарасақ, 14,6% қазақстандық кедейлікте өмір сүріп жатыр. Бұл 2,9 млн адам. Қазақстанның ішкі есептеуі мен Дүниежүзілік банктің есептеуінде неге мұндай айырмашылық бар? Өйткені Қазақстан 30 мың теңгеден төмен табысы бар, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінде бекітілген соманың 70%-ынан төмен табысы барларды санаса, ал Дүниежүзілік банк 150 доллардан төмен табысы бар, яғни 73 мың теңгеден төмен табысы барлардың барлығын осы санатқа жатқызып отыр, - деп түсіндіріп, осы себептен Дүниежүзілік банк 14,6%-ды көрсетіп отырғанын айтты.
Қаржы сарапшысының айтуынша, мұның барлығы халықтың жағдайы айтарлықтай мәз емес екенін көрсететінін жеткізді.
Қарыздан құтылудың ең жылдам жолы белгілі болды
Қарыздардан құтылудың бірінші жолы – алдымен олардың тізімін жасау. Көпшілік көбіне қанша қарызы бар екенін білмейді. Мысалы, жеке адамдарда, банктерде қарызы болуы мүмкін, одан қалса, микрозаем да болуы мүмкін. Енді осылардың тізімін жасап алып, қайсы банктегі қарыздың пайызы ең жоғары екенін анықтап, мерзімінен бұрын әр 3 ай сайын жауып отырып, несиенің уақытын азайтуға болады. Яғни ай сайын төлейтін сомадан гөрі жалпы төлемнің айын қысқартан дұрыс. Сол кезде біздің төлейтін сомамыз азаяды, - дейді сарапшы.
Сонымен қатар банкке төлейтін артық төлем көлемі де азаяды.
Гүлнұр Нұрланқызының сөзінше, егер несие төлеу ауыр болып кетсе, онда банктен уақытша демалыс беруді сұрауға болады.
Әрине, сізге ешкім бірден каникул бере салмайды. Алдымен өтініш бересіз, егер онлайн-өтінішті қабылдамаса, онда бөлімшеге барып көрсеңіз болады. Ал егер ол жерде де келіспесе, онда бас офиске барып, амалын сұрастырып көруге мүмкіндік бар, - деп түсіндірді ол.
Сарапшы тек қарызды жауып отыру үшін қосымша жұмыс, яғни қосымша табыс көзін табуға болатынын да қоса кетті. Нұрланқызы көбі жіберетін қателік жайлы айтты. Сөзінше, көп адам қаржы жоспарын құрған кезде тек үй алу, машина алуға басымдық береді. Бірақ қарызды азайту да қаржы жоспарына кіруі керек. Мысалы, биылғы қаржылық мақсатым – кредиттерімді азайту. Осындай да мақсат болуы керек.
Шығынымызды қалай азайта аламыз?
Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы шығындарды жазып отыруға кеңес берді.
Халық шығынды жазғанды жек көреді. Ол үнемдеу сияқты көрінеді. Сондықтан қысылып қаламын деп ойлайды. Бірақ бұл керісінше, кейін жиған ақшаңызды көбірек жұмсауыңызға, қаржылық жағдайыңызды жақсартуға мүмкіндік. Сол себепті шығындарды жазып отыру керек. Сол кезде артық шығынның есебі шығады. Кейін оны азайта аламыз, - деп кеңес берді сарапшы.
Тез байып кетудің жолы қандай?
Тез байып кету деген түсінік болмауы керек. Ол – қате түсінік. Қазір адамдарды тез байып кетуге әлеуметтік желілердің, әсіресе Instagram-ның жылтыры баурап қойған. Онда тек өтірік картина. Себебі баю ол еңбекпен, тәртіппен, жалпы тұрақты еңбекпен келеді. Сіз аяқасты бір-екі ережені ұстап, екі-үш айдың ішінде немесе бір жылдың ішінде байып кете алмайсыз. Иә, сіз бір жылдың ішінде қаржылық жағдайыңызды жақсартып алуыңыз мүмкін. Бірақ аса байып кетпейсіз, - деді сарапшы.
Гүлнұр Нұрланқызы қаржылық жағдайды жақсартып, ақшаңызды көбейту үшін ең алдымен кіріс-шығысты есептеп, табысыңыз тұрақты шығынды жауып тұратындай болуы керек. Яғни сіз қарыз алмайтындай жағдайға жетуіңіз керек.
Екіншіден, "қауіпсіздік қалтасын" жасап алуыңыз керек. Оған 3-6 айдың ақшасын жинайсыз.
Мысалы, ай сайын коммуналдық қызметке, балабақшаға, азық-түлікке, қыдыруға 300 мың теңге қажет болса, онда сіз кемінде 900 000-1 800 000 теңге жинап қоюыңыз керек. Оны банктің сізге ыңғайлы депозитіне салып қойған дұрыс. Себебі аяқасты жағдай болған кезде отбасыңыз қиналмай өмір сүре алуы үшін оны шешіп ала аласыз. Осыны қалыптастырып алғаннан кейін инвестицияға көшсек болады. Бірақ "қауіпсіздік қалтасы" жоқ кезде аз-маз ақшамен инвестиция жасаудың қажеті жоқ. Себебі инвестиция – күйіп кетуі де мүмкін дүние. Тіпті ол бірден табыс бермеуі де мүмкін, - деп түсіндірді сарапшы.
Ол мынадай кеңес айтты:
1. Қарыздардан толық құтылу;
2. "Қауіпсіздік қалтасын" жасау;
3. Артық ақшаны инвестицияға құю.
Инвестицияны ұзақмерзімді бағалы қағаздардан бастауға болады. Себебі ол жерде тәуекел деңгейі төмен. Өзіміздің қазақстандық банктердің, ұлттық компаниялардың акцияларынан, мемлекеттік облигациялардан бастауға болады. Ол кейін жақсы табыс әкелуі мүмкін. Оған қоса бізде инвестицияны мүлікке жақсы құяды. Расымен, үлкен қалаларда мүлік жақсы өседі. Сондықтан мүлікті де инвестиция ретінде қарастыруға болады, - деп айтты Гүлнұр Нұрланқызы.
Сарапшы алтынды да инвестиция ретінде қарастыруға болатынын айтты. Сөзінше, қазір банктер құйылған алтындарды сатады. Қазір алтын тез өсіп жатыр. Ол ешқашан құнын жоғалтпайтын металл.
Нұрланқызының айтуынша, қарызға және несиеге кіру мәселесі қазіргі уақытта көптеген адам үшін күн тәртібіндегі маңызды сұрақтардың бірі. Ол қарыз алудың оңайлығы мен мұқтаждықтың артуы адамдарды қаржылық тәуекелдерге әкеліп соқтыруы мүмкін екендігін ескертті. Осы тұрғыда, сарапшы қарызды жауапкершілікпен алу қажеттігін және жеке қаржыны дұрыс басқарудың маңыздылығын атап өтті.
Сарапшының пікірінше, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан қаржылық реформалар мен әлеуметтік бағдарламалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанымен, жеке тұлғалардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттілігі де маңызды болып қалады. Ол адамдарды қаржылық жоспарлау мен жинақтау дағдыларын үйренуге шақырды, себебі болашақта экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әркімнің жеке қаржылық жағдайын жақсартуы керек.