Қарттарға арналған тегін компьютерлік сауаттылық курстары ашылды

25 Ақпан 2022, 14:40
1867
Бөлісу:
Қарттарға арналған тегін компьютерлік сауаттылық курстары ашылды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары аға буын өкілдеріне арналған компьютерлік курстар өткізеді.

Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 «Күміс IT университетінің» тегін білім беру курстары үздіксіз білім беру тұжырымдамасы аясында басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Университетте «Күміс университет» моделі аясында қарттарға арналған білім беру бағдарламалары бірнеше бағытта жүзеге асырылады: қарым-қатынас пен саяхатқа арналған тілдік курстар; құқық, тарих, мәдениеттану және өнертану; сауықтыру бағдарламасы; «Күміс IT университеті» компьютерлік сауаттылық курстары.

«Л.Н. Гумилеа атындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕАҚ басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Еркін Оңғарбаев өзінің алғы сөзінде университетте қоғамның түрлі әлеуметтік топтары үшін қосымша білім беру қарастырылғанын атап өтті.

ЕҰУ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында «Цифрлық технологиялар «I-EVOLUTIONS» кешенді бағдарламасын әзірледі. ІТ оқыту 4 бағыт бойынша қарастырылған: оқушыларға арналған курстар, IT бағыттағы түлектерді қайта даярлау курстары, орта мектептердің информатика мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстары, сондай-ақ компьютерлік сауаттылыққа оқыту.

Компьютерлік сауаттылықты оқыту бағдарламасы екі айға есептелген. Сабақтар университет қабырғасында өткізіледі. Курс тыңдаушыларға мемлекеттік қызметтер порталы мен коммуникациялық жүйелерді пайдалануға, онлайн режимде банк операцияларын жасауға және таныстырылымдар жасау дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.

Бірінші оқу сабағына 23 тыңдаушы қатысты. «Күміс IT университеті» тыңдаушыларының бірі экс-депутат Уәлихан Қалижанов жайлы өмір сүру үшін цифрлық дағдыларды игерудің маңыздылығы туралы айтып өтсе, 69 жастағы педагогика ғылымдарының кандидаты Далабай Байғожин қарттығына қарамастан партаға отырып, жаңа білім алу және жастармен тең болу мүмкіндігі туралы жаңалықты қуана қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы