Қарқаралы ауданында жаңа әкім тағайындалды

11 Сәуір 2022, 20:31
1934
Бөлісу:
Қарқаралы ауданында жаңа әкім тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарқаралы ауданының әкімі болып бұған дейін Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасын басқарған Ерлан Құсайын тағайындалды. Жаңа басшыны аудан мәслихатының кезектен тыс сессиясында өңір әкімі Жеңіс Қасымбек таныстырды.

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарқаралы ауданының әкімі лауазымына Ерлан Құсайынның кандидатурасын келісуге ұсына отырып, сіздердің қолдауларыңызға сенемін. Жинақтаған тәжірибесі мен білімінің арқасында ол жұмысты Мемлекет Басшысы қойған міндеттерге сәйкес ұйымдастыра алады деп ойлаймын, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. 

Ерлан Құсайынның үш жоғары білімі бар, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы Қарқаралы ауданында Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Білім ордасында мектеп директорына дейін  көтерілген.

2006 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Бірнеше жыл облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

2008 жылдан 2014 жылға дейін Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінде еңбек етті. Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары болды.

2015 жылдың маусымында облыс әкімі аппаратының Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығын басқарды. Кейін "Қоғамдық келісім" КММ директоры болып тағайындалды.

2020 жылдың сәуірінен бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасын басқарды.

Сіздердің маған сенім білдіргендеріңіз үшін алғысым зор. Қарқаралы – менің кіші Отаным, осында дүниеге келдім. Қасиетті жерде жұмыс істеу мен үшін үлкен жауапкершілік, – деп атап өтті Ерлан Құсайын.

Бұған дейін Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін Елдар Дүйсетаев атқарған болатын. Ол жаңа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Елдар Дүйсетаев әріптестеріне жұмыста көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс айтып, бүгінде ауданда білікті мамандар жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы