Qarmet өндірісіне 2,7 млрд доллар инвестиция салынды: Тоқаевқа не баяндалды?

Металлургия комбинатында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Компания биыл өндіріс бойынша қандай межені көздеп отыр?

2 Қараша 2026, 14:14
АВТОР
 Ақорданың баспасөз қызметі 2 Қараша 2026, 14:14
2 Қараша 2026, 14:14
161
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртау қаласына жұмыс сапары барысында Qarmet компаниясының сортты прокат кешені құрылысының барысымен танысты. Жаңа әрі заманауи өндіріс кешені жылына 540 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады. Жобаның технологиялық серіктесі – қытайлық CERI инжиниринг компаниясы.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысына баяндалғандай, жаңа цех беріктігі жоғары, А600 және А1000 санатты болат арматура шығаруға, сондай-ақ бұрыштар, швеллерлер және басқа да сұранысқа ие металл өнімдерінің түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Кешен құрамына сағатына 100 тоннаға дейін металл өткізе алатын, өнімділігі жоғары қыздыру пеші кіреді.

Жобаны іске қосу нәтижесінде Qarmet сортты прокатты шығару көлемін ұлғайтады. Ал бұл ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайтып, кәсіпорынның құрылыс сегментіндегі, соның ішінде АЭС құрылысындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Қазіргі уақытта нысанда негізгі технологиялық жабдықтарды монтаждау және қажетті инфрақұрылымды салу жұмыстары жүргізілуде. Сортты прокат цехын биыл жыл соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Qarmet компаниясының инвестициялық бағдарламасы 3,5 миллиард долларды құрайды. Металлургия комбинатында 4 жаңа жоба, атап айтқанда №8-9 кокс батареясы, сортты прокат кешені, мырыштау және полимерлі жабын желісі, құю-илемдеу  кешенінің құрылысы іске асырылып жатыр. Компанияның стратегиялық мақсаты – 2028 жылға қарай  жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудалы концентрат өндіретін деңгейге жету. Бұдан бөлек өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, экологиялық көрсеткіштерді арттыру және отандық металл өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту міндеті тұр, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Президент Теміртаудағы жаңартылған трамвай желісімен танысты. Мемлекет басшысы трамваймен Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп өтіп, атқарылған істің сапасын және жаңартылған көлік инфрақұрылымының пайдалануға толығымен әзір екенін көрді.

Тағы оқи отырыңыз: Тоқаев Қарағанды облысына барды: Президент Теміртауда нені тексереді? 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес 

Наверх