Қарин Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді

9 Тамыз 2023, 19:41
883
Бөлісу:
Қарин Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді
PHOTO
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Отырыста Мемлекеттік комиссияның ғылыми және баспа қызметінің нәтижелері қаралды, архивтердегі зерттеулерден жиналған материалдар зерделенді, электрондық порталдың жұмысы туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ өңірлік комиссиялардың жұмысы туралы есеп тыңдалып, олардың ғылыми жинақтарын дайындау жөніндегі жобалардың іске асырылу барысы қаралды.

Қарин Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді

Сонымен қатар жиында Мемлекеттік комиссия мүшелері архивтерде жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында табылған, жазушы әрі ақын Жүсіпбек Аймауытов жазды делінген «Әзір өлмеймін» («Тез өлмен») шығармасын таныстырды. Ол Президент Архивінің ғылыми-іздестіру жұмыстары кезінде табылған болатын. Президент Архивінің директоры Ә. Мұстафина шығарманың қалай табылғаны және оған жүргізілген зерттеу жұмыстары жайында айтты. Аталған шығарманы филологтар мен әдебиеттанушылар тағы да зерттейтін болады.

Отырыс қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу қызметін жалғастыруға, өңірлік комиссиялардың материалдарын шығаруды жүйелендіруге, жабық қорлардың материалдарын цифрландыру және құпиясыздандыру жөніндегі жұмысты қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалар берілді.

Өзгелердің жаңалығы