Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай аясында жүзеге асырылып жатқан бастамаларға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қариннің айтуынша, ғылым және білім, бала құқықтарын қорғау саласында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынған.
Атап айтқанда, жуырда ғылыми қалашықтарды құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданып, мектептердегі тәрбие бағдарламасы жетілдірілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленіп, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған барлық шаралар осы құжат аясында біріктірілді, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сонымен қатар Үкімет қаулысымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жоспар қабылданғаны айтылды.
Төртіншіден, аймақтардың дамуына қатысты бірқатар бастамалар іске асқан.
Қазақстан Республикасының өңірлік даму тұжырымдамасы аясында өңірлерді негізгі инфрақұрылыммен тең дәрежеде қамтамасыз ету көзделген. Бұдан бөлек, өңірлердегі негізгі мәдени-туристік іс-шаралардың тізбесі жасалды.
Ерлан Қариннің сөзінше, аталған жұмыстар соңғы бір жылда атқарылған істердің жартысын ғана қамтиды, ал қалған бастамалар алдағы кезеңде жүйелі түрде жалғасын табады.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай бастамалары аясында 6 заң қабылданғанын мәлімдеген еді.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласында өтіп жатыр.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.
Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары:
2022 жылы – Ұлытауда;
2023 жылы – Түркістанда;
2024 жылы – Атырауда;
2025 жылы – Бурабайда өтті.
Маңызды жиыннан BAQ.KZ тілшілері Гүлжан Раманқұлова мен Мақпал Орынбек онлайн режимде тікелей ақпарат таратады. Құрметті оқырман, басты жаңалықтардан хабардар болу үшін лентамызды қадағалап отырыңыз.