Қарин: Бұдан да күрделі ахуалға дайын болуымыз керек

23 Наурыз 2020, 18:41
6065
Бөлісу:
Қарин: Бұдан да күрделі ахуалға дайын болуымыз керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин елдегі төтенше жағдай кезінде қабылданып жатқан шараларға қатысты пікір білдірді.

Елде енгізілген төтенше жағдайдың алғашқы аптасы өтті. Төтенше жағдайдың алғашқы сәттерінен бастап, билік тез әрі алдын алуға әрекет етті. Төтенше жағдай енгізу шаралары мен екі ірі қала - Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин бойынша айрықша режим енгізу дұрыс болды. Бұл ауру жұқтыру жағдайлары байқалған негізгі қалаларды оқшаулауға және вирустың өзге аймақтарға ауқымды таралуына жол бермеуге мүмкіндік жасады. Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында вирусты жұқтырған адамдардың тіркелгені туралы жаңа деректер, негізінен шетелден келіп-жеткен азаматтарымызға байланысты, - дейді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, жалпы жұқтырғандар саны өсіп келе жатқанымен кейбір өзге елдердегідей өте қарқынды емес және кең таралып жатқан жоқ. Мұның бәрі қатаң әрі жедел қабылданған шаралардың арқасында. 

Биліктің қысқа мерзімнің ішінде қажетті ресурстарды жұмылдырып, тиісті құрылымдардың жұмысын ұйымдастыра алғандығы –мемлекеттің ауқымды дағдарыс жағдайында әрекет ете алатын қабілетін көрсетеді. Қазіргі ахуалда бұл өте маңызды фактор. Төтенше жағдайдың алғашқы күндері қоғамның да дағдарыс ахуалында жұмылуға қабілеттігін көрсетті. Төтенше жағдай тәртібінің аясында енгізілген бірқатар түрлі шектеу шараларына және карантиннің салдарынан туындаған қолайсыздық пен қиындықтарға қарамастан, қарапайым қазақстандықтар оған тек түсіністікпен қарап қана қоймай, сонымен бірге өзара көмек көрсетіп, түрлі волонтерлік қайырымдылық акцияларға бастамашы болып қатысуда, - дейді Ерлан Тынымбайұлы.

Қариннің сөзінше, ахуалдың шынайы қауіптілігін бағаламау әлі де байқалуда. Төтенше жағдайдың және карантиннің тәртібін түсінбей, ұстанбай жатқандар да бар. 

Өз кезегінде, мемлекет азаматтар мен бизнесті қолдау үшін қажетті қосымша шараларды қабылдауда. Жергілікті жерлерде көрсетіліп жатқан салықтық жеңілдету және басқа да қолдау көрсету шараларынан басқа, мемлекет төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған  тұлғаларға ай сайын төлем жасайтын болды.Жалпы, жағдай оңай болмаса да, бақылауда. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жайбарақат сезінуге болмайды – "кез келген қолайсыз жағдайға, тіпті бұдан да аса күрделі ахуалға дайын болуымыз керек", - дейді президент кеңесшісі.

Сонымен қатар, ол көп нәрсе әлемдегі ахуалға байланысты. Кейбір ел, өкінішке қарай, қажетті шараларды кештеу қабылдады, сондықтан дағдарыс созылуы мүмкін.

Сол себепті, мемлекеттік аппарат қазіргі кезде бір жағынан жаңа тактикалық жоспарларды, екінші жағынан алдағы уақыттағы жалпы стратегияны дайындау үстінде. Осы жайында бүгін өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында президент де айтып өтті. Қазір негізгі басымдық – бұл біздің азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен осыған бағытталған, - дейді Қарин.

Өзгелердің жаңалығы