Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асырудың екі жылында 1,4 трлн теңге сомасына өнім шығарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндап берді.
Оның айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін талдау бойынша алдын ала бағалау жүргізілді.
Ол 2020 жылы бағдарлама қатысушыларын қолдауға бағытталған 1 теңге субсидия 40 теңге өнім шығаруға және 3 теңге салық төлеуге ықпал еткенін көрсетті. Бағдарламаны іске асырудың екі жылында 1,4 трлн теңге сомасына өнім шығарылды және 136 млрд теңге сомасына салық төленді, - деп түсіндірді Ұлттық экономика басшысы.
Айтуынша, 2019 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде 54 мың жұмыс орны құрылды және сақталды.
2021 жылға толық талдау төленген салықтар мен өнім шығару және бағдарлама қатысушыларының айналымы бойынша деректер алынғаннан кейін 2022 жылдың шілдесіне қарай жүргізіледі. Бағдарламаға өзгерістер енгізу бойынша нақты шешімдер осы жұмыстың нәтижелері бойынша ұсынылады, - деп толықтырып өтті министр Үкіметте.