Қаралы қаңтар: 15 күндік шақалақпен Ішкі істердің табалдырығын тоздырдым

6 Қаңтар 2023, 17:38
1730
Бөлісу:
Қаралы қаңтар: 15 күндік шақалақпен Ішкі істердің табалдырығын тоздырдым

2022 жыл бізге өте қиын болып басталды. Себебі жеп отырған нанымызды КамАЗ арқылы тауып отырған едік. Ол КамАЗ жанып кеткен кезде қатты уайымдап, күйзеліске түстік. Қайда жүгінерімізді, не істерімізді білмедік. Ол кезде жалдамалы пәтерде тұрамыз. Басымызда баспана жоқ еді. КамАЗ жанып кеткеннен кейін жұмыс тоқтап қалды. Неше ай бойы ақшадан қиналдық. Баланы қырқынан шығаратын ақшаны әрең таптық. Қатты ауыр жыл болды бізге...

Шымкент қаласының тұрғыны Арайлым Зиябек BAQ.KZ тілшісіне Қаңтар оқиғасына қатысты берген сұхбатын осылай бастады. Өйткені сол кездегі тәртіпсіздік салдары оның отбасына да тиген еді.

- Оқиға қалай басталды?

- Біз КамАЗ-ды жалға береміз. 4 қаңтарда КамАЗ әкімдіктің оң жағында соғылып жатқан тұрғын үй құрылысымен айналысып жатқан компанияда болатын. Сол күні түстен кейін жұмыс уақыты біткен соң жүргізуші КамАЗ-ды өзінің күнделікті орнына қойып кетеді. Құлттап, кілтін өзімен алып кетеді. 5-і күні азанда жолдасым «жұмысқа барам» деп үйден шығып кетеді. Себебі күнде КамАЗ-ға майын, соляркасын құйып, тексеріп, жүргізушіні жұмысқа шығарады. Барса, КамАЗ жоқ орнында. Нысанның ішін қарайды, КамАЗ жоқ. Сөйтіп күзетшіге «видеожазбаны қосыңызшы» деп айтады. Оны тексергенде түндегі оқиға болып жатқанда біреулер КамАЗ-ды оталдырып, іші және арты тола адам болып, әкімдік жаққа кетіп бара жатқанын көреді. Одан соң жолдасым бірден әкімдіктің алдына барады. Барса, КамАЗ-дан түк қалмаған, өртеніп кеткен (қатты күрсінді). Сол жерде жолдасым не істерін білмей тұрады. Сосын КамАЗ-ды алып кетейін деп кешке дейін эвакуатор іздейді. Қалада КамАЗ-ды артып әкете алатын эвакуатор екі адамда ғана екен. Олар қалада сондай оқиға болып жатқан соң «келе алмаймыз» деп айтқан. Сол күні КамАЗ түні бойы әкімдіктің жанында тұрады. 6-сы күні таңертең жолдасым тағы барады. Бірақ полиция өткізбейді, лентамен бәрін қоршап қойған. Олар жолдасымның КамАЗ-ды алып кете алмайтынын, бәрі тіркелетінін айтып, «РОВД-ға барып арыз жазыңыз» деп айтқан. 

- Жолдасыңыз аудандық ішкі істер бөліміне барып, арыз жазды ма?

- КамАЗ-ды жолдасым менің атыма тіркеп қойған. Сондықтан үйге келіп, «РОВД-ға бірге баруымыз керек» деді. Мен жаңадан босанғанмын. Қолымда қырқынан да шықпаған 15 күндік шақалақ. Дала суық. Оның үстіне Қаңтар оқиғасы болып жатыр. Сол кездегі күйімді айтып жеткізе алмаймын. Не жыларымды, не жолдасымды қолдарымды білмей қалдым. Содан соң амалсыз барып, арыз қалдырдым. РОВД-ға да сол кезде ешкімді кіргізбейді, алдының бәрі топырлаған адам. Бала-шағасын іздеп жүргендер. Ішке әрең кіріп, жағдайды түсіндірдім. Бірақ олар өздері қарбалас, бір-біріне сілтейді. Сосын көлікте 15 күндік баламның жатқанын, жаңа босанған ана екенімді, аяқ-қолым дірілдеп, әрең тұрғанымды айттым. Сол кезде бастығы астына түсіп қалды. «Мына келіншектің арызын қабылдаңдар» дегеннен кейін ғана екінші қабаттағы бір кабинетке отырғызып, арызымды қабылдады. Тіркеліп, іс қозғалған соң прокуратураға жіберетінін айтты. «Оған дейін КамАЗ-дың еш жеріне барып тиіспейсіздер» деді. 

- Кейіннен сіздерге прокуратурадан хабарласты ма?

- Олардан ешқандай хабар болмады. Екі апта өткен соң «ісіміз не болып жатыр» деп РОВД-ға қайтадан бардым. Олар алдымен бізді, сол күні күйеуімнің қайда болғанын, жүргізушімізді тексеретінін айтты. Сол кезде бәрі түсініксіз болып кетті, басым қатты. «ДВД-ға барыңыздар» деді. Онда барып едік, «арызыңыз прокуратураға кетіп қалған» деді. Прокуратураға барып едік «күтесіздер» деді. Сөйтіп жүрген бір ай уақыттың ішінде кәсібіне залал келгендерді әкімшілік тіркеп жатқанын естідік. Кейіннен маған әкімшілікте істейтін қызметкерден хабарлама келді. Жазған арыз, қолымыздағы фото-видеоларды сонда тапсырдық. Ол үш айдай қаралды, көп жиналыс болды. Ол кезде КамАЗ-ымыз қаңтарылып әкімшіліктің алдында жаңбырда да, қарда да төрт ай бойы тұрды. Сәуірдің аяғында келтірілген залал үшін 4 243 333 теңге өтелді. Әрине, ол ақша жаңа КамАЗ алуға жетпейді. Бірақ баяғы қалпындай болмаса да, толығымен жөндеп алдық. Үкіметтен көмек алу үшін қолдағы шақалақпен қыстың суығында РОВД мен ДВД табалдырығын тоздырып, аузым құрғап, әлсіреп, шамам таусылғанша жүретін едім. Қазір «шүкір» деймін.

Өзгелердің жаңалығы