Қарағандыда "Қобыланды батыр" эпосының үздік оқырмандары анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қарағандыда оқушылар "Қобыланды батыр" эпосын оқуда бақ сынасты. Байқауды Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы ұйымдастырды.
Байқау екі кезеңде өтті. Біріншісінде қатысушылар 30 сұрақтан тұратын "Қобыланды батыр" эпосын қаншалықты білетінін сынайтын тест тапсырды. Екіншісінде олар үзінді оқыды.
Нәтижесінде бірінші орынды № 53 мектеп-лицейдің 7 сынып оқушысы Нұрбол Аманбаев иеленді.
Дайындыққа көп уақыт жұмсаған жоқпыз, Нұрбол он күнге жуық дайындалды. Ол эпостың мазмұнын толық біледі және оның бір бөлігін жатқа білді. Мұндай конкурстар қажет, олар оқушылардың халық мәдениетіне деген қызығушылығын арттырады, - дейді № 53 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарақат Уәлибекова.
Екінші орын "Озат" Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Айар Бекқалиге бұйырды. Үшінші орынды Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Нұртөре Құрмашев пен №87 ОМ оқушысы Айзере Бөлегенова өзара бөлісті.
Сондай-ақ бірқатар қатысушыларды номинациялар бойынша атап өтті.
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.