Қарағандылық дәрігерлер 101 жастағы науқасқа бірегей ота жасады

11 Сәуір 2019, 09:30
3382
Бөлісу:
Қарағандылық дәрігерлер 101 жастағы науқасқа бірегей ота жасады
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының Х.Ж.Мақажанов атындағы ауруxананың xирургтері 101 жастағы әжейдің жамбас буынын ауыстырды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қалыпты, жақын күндері оңалту орталығына ауыстырылатын болады.

«Біз емделушінің оң жақ жамбас буынына эндопротездеу жасадық. Ота барысында емделушіге екі өсінділі эндопротез, яғни пластик пен металл орнатылды. Отаның күрделілігі – емделушінің жасымен байланысты, себебі ота жасалған уақытта оның жасы 101-де болды. Жалпы алғанда ота жоспарлы түрде өтті деп айтуға болады, қандай да бір асқыну болған жоқ. Ол қазіргі уақытта алғашқы қалпына келу курсын қабылдап жатыр. Емделушінің біздің ауруханадағы емі аяқталған соң, толық қалпына келгенге дейін оңалту орталығында болады деп жоспарлап отырмыз», - Шұғыл травматология бөлімінің дәрігері Павел Салдин.

Оның айтуынша, ота кезінде науқастың сынған жамбас сүйегінің басы мен барлық буыны алынып тасталған. Бұдан кейін дәрігерлер арнайы құрылғылардың көмегімен жамбас сүйегіндегі жілік майы каналын бұрғылап кеңейтіп, арнайы сүйек цементіне эндопротездің аяғы орнатылады. Сосын бұл жерге жамбастың басы орналастырылады. Ота соңында эндопротез орнату барысында кесілген терілер тігіліп, буынның қозғалысы тексеріледі.

«Отаны эндопротездеу тәсілімен жасаудың өзіндік себебі бар. Себебі, 101 жастағы адамның жамбас сүйегі орнына салынғанымен оның бітіп кетуі екіталай. Және де септикалық некроздың асқынып кету қаупі жоғары, яғни науқас төсекке таңылуы мүмкін. Мұның соңы ауру меңдеп, асқынуға әкеледі. Осындай жағдайлардың 70%-ы өлімге әкеледі. Әрине ота жеңіл емес, дегенменде ол жамбас сынығы кезіндегі барлық қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай ота жасалған емделушілердің көпшілігі көп ұзамай аяғынан тұрып, тері ойылуы сияқты басқа аурулардың асқынуына жол бермейді», - деп түсіндірді маман.

Отаның тағы бір ерекшелігі, операция кезінде емделушінің арқасына анестезия салынып, ол есін біліп жатқан.

«Ота уақытында науқастың белінен төменгі бөлігінде жан болмайды. Сондай-ақ, отадан кейінгі кезеңде болатын қатты ауырсынуды да сезбейді. Жалпы мұндай сынықтар егде жастағы, қарт адамдарға тән. Олардың жасына байланысты ағзасындағы өзгерістер кезіндегі сүйектері сынғыш келеді. Нұрила Байтасова Х.Ж.Мақажанов атындағы клиниканың ең егде емделушісі емес. Біздің орталықтың дәрігерлері бұған дейін 106 жастағы ер адамның жамбасына ота жасаған», - дейді Павел Салдин.

Нұрила Байтасованың немересінің айтуынша, әже жамбасын сындырғанға дейін үйде өздігімен жүріп-тұрған.

«Әжеміз үйде өзі жүріп-тұрады. 90 жасқа дейін ораза ұстаған жан. Денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ. Тек 30 наурыз күні абайсызда құлап, оң жақ жамбасын сындырып алды. Бірден жедел жәрдем қызметін шақырдық. Дәрігерлер оны осында әкеліп, ота жасау қажеттігін айтты. Әжеміздің денсаулығы толық тексерістен өткізілгеннен кейін 3 сәуір күні ота жасады. Біз барлығымыз дәрігерлерге ризамыз, алғысымыз шексіз», - дейді Дидар Кәкенова.

Дәрігерлер жамбас сынығына операция егер қандай да бір қарсы көрсетілімдер болмаса бірден жасалатындығын айтады. Ал Нұрила Байтасованың жағдайында мамандар кардиолог пен терапевт дәрігерлермен кеңескен. Содан кейін ғана науқасқа ота жасау жайлы шешім қабылданған.

«Әже жүретін болады. Алдағы төрт аптада сүйемелдеуші құралдардың көмегімен жүреді. Ал толық қалпына келу үшін шамамен үш айдай уақыт қажет», - деді Павел Салдин.

Нұрила Байтасова 1918 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Қазір әже Қарағандыда тұрады, оның 6 баласынан 30 немере, 60 шөбере және бірнеше шөпшегі бар.

 

Өзгелердің жаңалығы