Қарағандыда жылыжайда қарбыз бен орхидея өсіріледі

22 Желтоқсан 2023, 10:30
421
Бөлісу:
Қарағандыда жылыжайда қарбыз бен орхидея өсіріледі
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультетінің аумағында жерасты термос-жылыжайы ашылды. Онда қарбыз, орхидея және ағаш көшеттерін өсіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жылыжай жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты. Аймақ басшысына микрожасылдар, герман сортты қиярлар, сондай-ақ гүлдер мен өсімдіктер өсірілетін екі зал ұсынылды.

Бұл біздің ғалымдар 15 жылдан астам армандаған Қарағанды облысындағы жалғыз термос-жылыжай. Бастапқыда жер бетіндегі жылыжай салу жоспарланған болатын, бірақ ол эргономика тұрғысынан тиімсіз боп шықты. Сол кезде біз Солтүстік Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттедік, өйткені олардың климаты біздікіне ұқсас және Ұлытау облысында да осындай жылыжай бар екенін білдік. Сол жаққа барып, есептеулер жасадық. Енді, міне өз жылыжайымызды таныстырып жатырмыз, – деді биология-география факультетінің деканы Серікболат Талжанов.

Жылыжай бір ай бұрын жұмыс істей бастады. Ол жер астында, шамамен бес метр тереңдікте салынған. Бұл өз кезегінде өсімдіктерді қыста суықтан, жазда ыстықтан оқшаулауға мүмкіндік береді. Оның ауданы – 270 шаршы метр.

Біздің жылыжай аяздың алғашқы сынағынан өтті: минус 28 температурада бұл жерде плюс 25 градус болды. Біз көкөністер мен микрожасылдарды өсіріп қана қоймай, агротехнологияларды дамыту үшін білім беру, зерттеу және өндірістік база құруға ниеттіміз, – деп атап өтті Серікболат Талжанов.

Мұнда өсірілген қияр, қызанақ және шөптер университет асханаларында қолданылады, ал гүлдер мен ағаш көшеттері университет аумақтарын көгалдандыру үшін, сондай-ақ қаланы безендіру үшін өсіріледі деп жоспарланып отыр.

Біз қарбызды тұқымнан отырғыздық, олар кішкентай өскіндер шығарды. Болашақта басқа да бақша дақылдарын, сондай-ақ күтімді талап ететін орхидеяларды өсіруге тырысқымыз келеді. Микрожасылдар мен көкөністерден біз студенттер асханада ішетін смузи дайындаймыз, – дейді Биотехнология және экомониторинг зерттеу паркінің жетекшісі Маргарита Ишмуратова.

Микрожасылдарды өсіру жобасын ҚарУ түлегі жаратылыстану ғылымдарының магистрі және PhD докторы Арайлым Серікбай табысты жүзеге асыруда. Ол өз идеясын Қарағанды әкімі грантының арқасында жүзеге асырды және бір жылдан астам уақыт бойы өз өнімдерін қаланың супермаркеттерінің біріне және екі асханаға жеткізіп келеді.

Жер асты жылыжайын салу – қала үшін де, студенттер үшін де жақсы бастама. Бізде көгалдандыруға арналған өсімдіктер мен ағаштарды жеткізуші, ал студенттерде зерттеу жұмыстарына арналған өндірістік база болады. Ал біз университеттің бастамасын қолдауға және осы жобаны коммерцияландыруға көмектесуге дайынбыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Өзгелердің жаңалығы