Қарағанды қаласында "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен "JastarX" диалог алаңы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара "Жұмысшы мамандықтар болашағы: тенденциялар мен перспективалар" тақырыбында ұйымдастырылды. Жиын Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылды.
Шараның басты мақсаты – техникалық және өндірістік сала мамандарының беделін арттыру, сондай-ақ жастар арасында еңбекке құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесуге колледждер мен кәсіби лицейлердің өкілдері, жастар ресурстық орталықтары, сарапшылар және белсенді жастар қатысты.
Диалог барысында қатысушылар еңбек нарығындағы жаңа трендтер, кәсіби білім берудің өзектілігі, болашақта сұранысқа ие мамандықтар және жастардың өндірістік ортадағы рөлі туралы пікір алмасты.
Жұмысшы мамандықтар – ел экономикасының тірегі. Бүгінгі таңда білікті кадрларға сұраныс жоғары. Сондықтан біз жастарға осы бағыттағы мүмкіндіктерді нақты көрсетіп, еңбекке баулуды мақсат етеміз, – деді ұйымдастырушылардың бірі.
Сонымен қатар, түрлі сала мамандары өз жеке тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби бағдар, табысқа жету жолдары және өндірісте өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері жөнінде ой қозғады.
Іс-шара соңында жұмысшы мамандықтарға қызығушылықты арттыру, табысты кейстерді жариялау және оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту бағытында бірқатар ұсыныстар жасалды.