Қарағандыда жасанды интеллектпен басқарылатын бағдаршам пайда болады

17 Қыркүйек 2024, 13:46
446
Бөлісу:
Қарағандыда жасанды интеллектпен басқарылатын бағдаршам пайда болады
Фото: Артём Чурсинов -архив

Қарағандыдағы кептелістердің алдын алу үшін «Ақылды бағдаршам» жүйесі орнатылмақ. Бұл жайында облыс басшысы Ермағамбет Бөлекпаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасанды интеллект арқылы басқарылатын ақылды бағдаршамдар қала көшелеріндегі автокөлік ағынын реттеп, кептелістерді болдырмауға көмектесетін болады.

Қарағандыда жолдардағы кептелістермен күресу үшін «Ақылды бағдаршам» жүйесін енгізіп жатырмыз. Бұл жасанды интеллект көмегімен автомобиль ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Қалада жол инфрақұрылымын жөндеу және дамыту жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Бүгін қаланы аралап, жұмыстардың барысымен таныстым, - деді облыс басшысы.

Облыс әкімінің сөзінше, Гоголь мен Ғарышкерлер көшелерінің қиылысында үшінші жолақ салынады. Қарағандылықтар аталған жол учаскесінде кептелістердің көп болатындығын айтып шағымданған еді. Енді үшінші жолақ жолдың автокөліктерді өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік бермек.

Бадин көшесінде де белсенді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда жол жабыны толығымен ауыстырылды. Заманауи шамдар орнатылуда. Бұған қоса, тротуарлар да жөнделеді. Тұрғындардың өтініші бойынша қала әкіміне тағы бір автобус бағытын іске қосуды тапсырдым. Сондай-ақ, биыл ұзақ уақыт бойы жөндеу жүргізілмеген жолдарға ерекше назар аударылуда. Костенко шахтасы ауданында 49-шы автобус бағыты бойынша ресайклинг жұмыстары аяқталуда. Мұнда шамамен 6 шақырым жол ретке келтіріледі, - дейді Ермағамбет Бөлекпаев.

Қарағандыда биыл жалпы ұзындығы 128 шақырым автожолдар жөнделеді. Сонымен қатар бұрын асфальт болмаған жеке секторда да жол салу жұмыстары іске асырылуда.

Өзгелердің жаңалығы