Қарағандыда жаңа саябақ пайда болды

6 Мамыр 2019, 09:24
3633
Бөлісу:
Қарағандыда жаңа саябақ пайда болды
PHOTO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының «Достық үйінің» маңында 100 шырша, қарағай, терек пен алма ағашы отырғызылды. Осылайша, қаланың жаңа орталығында тағы бір «достық саябағы» пайда болды. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы, этно-мәдени бірлестіктер мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, меценаттар мен мәслихат депутаттары «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы аясында ағаш отырғызу шарасын өткізді. Олар Достық үйінің жанына жүз көшет отырғызып, қаланың көгалдануы мен экологиясының жақсаруына өз үлестерін қосты. 

Қарағандыда жаңа саябақ пайда болды

«Қазақстан халқы Ассамблеясының біздің сүйікті қаламыз Қарағандының көркеюіне атсалысатыны қуантады. Елімізде тұратын әртүрлі этнос өкілдері осындай шараларға белсене қатысуда. Осылайша, басымызды біріктіріп, игі істерге себепкер болатын ассамблеяға алғысым шексіз. Бүгін өзіммен бірге кішкентай немерем Эмилиді де ерте келдім. Немерем екеуміз алма ағашын отырғыздық. Бұл бір ерекше сәт деп ойлаймын. Алма ағашы өскен сайын немерем де өседі, алма ағашы жеміс берген сайын немерем де бізді жетістіктерімен қуантатын болады деп үміттемін. Бүгін көшет отырғызған жастар да болашақта осы жерге мен сияқты немересін ертіп келіп, өзі отырғызған мәуелі ағашты көрсетіп, жайқалып өскен ағаштардың саясында демалатын болар», - деді Қарағанды облысының корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Лилия Ким.  

Қарағандыда жаңа саябақ пайда болды

Қазақстан халқы бірлігі мерекесі мен Жеңіс мейрамының 74-жылдығына орайластырылған шараға жалындаған жастар мен қатар үлкендер де қатысты. «Жарасым» студенттік клубының мүшелері бұл акцияның жыл сайын жалғасын табатынына үмітті. 

Қарағандыда жаңа саябақ пайда болды

«Ғаламшарымыздың әрбір қаласы осындай қамқорлыққа зәру деп ойлаймын. Ағаш – бұл қаланың өкпесі іспеттес. Көшет отырғызу арқылы біз өзіміз жайлы естелік қалдырып ғана қоймай, қоршаған ортаны жақсартуға үлесімізді қосамыз, қаланың дұрыс тыныс алуына жағдай жасаймыз. Ал ағаштарды «Достық үйінің» жанында отырғызу, бұл өте әдемі бастама», - деді «Жарасым» клубының жетекшісі Александр Вольф. 


Өзгелердің жаңалығы