Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасындағы жұқпалы аурулар орталығының меңгерушісі Ержан Жүнісов балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланған балалардың жағдайы туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Zakon.kz мәлім еткендей, Жүнісов орталықта 9 бала ем қабылдап жатқанын айтқан.
Олардың төртеуі жансақтау бөлімінде ауыр халде ем алуда. Барлығы жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Балалардың жағдайы өте ауыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Олардың неден уланғанын анықтау үшін сынама алдық. Нәтижесі туралы хабарлайтын боламыз, - деді Ержан Жүнісов.
Облыстық клиникалық ауруханасындағы жұқпалы аурулар орталығының меңгерушісі айтып өткендей, 10-15 жас аралығындағы 5 науқас нейрореабилитация бөлімшесінде ем қабылдауда.
Олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Толық бақылауымызға алдық. Дене қызуы қалыпты, іш өту белгілері тыйылды. Асқорыту органдарының жұмысы дұрыс. Ал Қарағанды қалалық балалар ауруханасындағы екі науқастың жағдайы өте ауыр, реанимацияда жатыр. Олар да жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, - деді ол.
Еске сала кетсек, Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланып, бір бала көз жұмған болатын.
Денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыдағы бала өліміне қатысты пікір білдірген еді.
Бас прокуратура балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Назерке Өтеген