Қарағандыда полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды

19 Қаңтар 2024, 20:20
476
Бөлісу:
Қарағандыда полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Фото: BAQ.KZ - архив

Қарағанды облысы прокурорының ұсынысы бойынша Приозерск қаласының бірқатар полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі бизнесті қорғау, оның ішінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарының заңсыз араласуына жол бермеу болып табылады.

Приозерск қаласының прокуроры әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында қалалық Полиция бөлімі бастығының мейрамхана әкімшісіне бақылаушы-қадағалаушы органдардың тексерулерімен қорқытып, Жаңа жыл қарсаңында жұмыс істеуге тыйым салынатыны туралы телефон арқылы сөйлесуінің бейнежазбасын анықтады.

Тексеру нәтижесінде Конституциясының кәсіпкерлік қызметпен айналысу еркіндігіне кепілдік берілетіні туралы 26-бабының талаптарын бұзу фактісі анықталды.

Аталған факті бойынша Қарағанды облысының прокуратурасы қадағалау актісін енгізді.

Нәтижесінде Тәртіптік комиссия Приозерск қаласы Полиция бөлімінің бастығын атқаратын қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта тиісті материалдар ІІМ-ге жолданды.

Сонымен қатар, аталған Полиция бөлімінің 5 лауазымды тұлғасы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Өзгелердің жаңалығы