«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында «Qaragandy Power Silicon» зауыты өз жұмысын бастады. Бұл өңірде кремний кластерін құрудың алғашқы кезеңі болып табылады, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Зауыт жылына 92 мың тонна кремний қорытпасын өндіруге қабілетті және заманауи технологиялармен жабдықталған. Кәсіпорында шикізатты өңдеуден бастап, дайын өнімді шығару кезеңі толық қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде 500 адам еңбек етуде, олардың басым бөлігі – жастар.
Жоба мемлекет қолдауымен голландиялық компания арқылы жүзеге асырылды. Қазақстанның Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының бірлескен қаржыландыруы арқылы 140 миллион доллардан астам инвестиция салынды.
Компания болашақта электр энергиясын қамтамасыз ететін жылу электр орталығын салуды және Астанада күн панельдерін шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бұл «жасыл» энергетика мен жоғары технологиялық өндірісті дамытуға бағытталған үлгілі жоба болады.