Қарағанды облысында халықаралық археологиялық-этнографиялық фестиваль өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүннен сурет жасау, қыш шеберханасына бару, бидайдан көне тағам дайындау – Талды алқабындағы І Халықаралық ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық фестивальдің қатысушылары мен қонақтары көшпенділердің тарихы мен дәстүрлеріне үңіле алды.
Фестивальде біз археологтар мен этнографтардың жұмыстарын таныстырдық. Ғылыми сенсациялар мен табылған нысандар туралы айттық. 2019 жылдан бері екі жүзден астам жәдігер зерттеліп, Талды ауданында мыңнан астам артефакт табылды. Ең құнды олжаларды ұсындық. Олардың қатарында сақ кезеңіне жататын қазан бар. Фестиваль аясында қазақстандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен конференция ұйымдастырылды. Жалпы, Талды ауданындағы ескерткіштердің әлемдік археологиялық мәдениетте маңызы зор, – деді Қарағанды облыстық өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов.
Фестиваль қатысушылары үшін театрландырылған қойылымдар, көрмелер, шеберлік сабақтары дайындалды.
Қола балқыту, қыш күйдіру процесі көрсетілді. Этнографтар мен тарихшылар ұмыт болған ұлттық тағамдар туралы айтты.
Этнограф Әйгерім Мұсағажинова Астанадан келді. Ол 15 жыл бойы қазақ тағамдарының антропологиясын зерттеумен айналысады, жақында "Қазақтың бірегей тағамдары" кітабын шығарды. Оған 100 рецепт кірді. Кітап үш тілде жарық көрді. Әйгерім Мұсағажинова бидай мен сары майдан жасалған ұлттық тағам дайындау бойынша шеберлік сабағын өткізді. Бұрын аналар оны балаларына дайындайтын.
Бүгінде бір жарым мыңнан астам рецепт, сондай-ақ тағам дайындау технологиясы қайта жаңғыртылды. Қазір біз ғылым мен бизнестің тандемінде Қазақ ұлттық тағамдарын қайта құру бойынша жаңа жобалар жасап жатырмыз. Қазақ тағамдары өте бай, ақуыздар, майлар мен көмірсулардың үйлесімділігі зор, – деп атап өтті Әйгерім Мұсағажинова.
Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің 1-курс студенті Ақжарқын Амангелді жүннен суреттер жасау бойынша шеберлік сабағына қатысты.
Мен бұқаның суретін салдым. Біз, болашақ тарихшылар үшін осындай іс-шараларға қатысу маңызды: бәрін өз көзімізбен көреміз – бұл теориядан да артық, – деді Ақжарқын.
Фестиваль аясында қазақтың асыл тұқымды иттері мен аңшы құстардың көрмесі өтті. Садақшылар да өз шеберліктерін көрсетті.
Сонымен қатар археологиялық ескерткіштерге экскурсия ұйымдастырылды.
Фестиваль Талды тарихи-археологиялық саябағында – ашық аспан астындағы мұражайда өтті. Оның аумағында қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің 200-ге жуық ескерткіші шоғырланған. Негізгі жәдігер – 3000 жылдық Беғазы пирамидасы.
Біздің мақсатымыз – осы саябақтың жұмысын дамыту. Жаңа экскурсиялық маршруттар әзірленеді. Су, электр қуаты жеткізілді, жол бар, енді Беғазы пирамидасына көпір салу керек. Біз қазір осы ойымызды жүзеге асыруға бар күшімізді салып жатырмыз, – деп бөлісті Ержан Нұрмағанбетов.
І Халықаралық археологиялық-этнографиялық фестиваль концерттік бағдарламамен және лазерлік шоумен аяқталды.