Қарағандыда бірыңғай әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылады

11 Тамыз 2023, 09:40
583
Бөлісу:
Қарағандыда бірыңғай әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылады
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Қарағандыда Чкалов көшесіндегі бұрынғы неке сарайының ғимараты толығымен қайта салынып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қайта құрудан кейін барлық әлеуметтік қызметтер осында көшеді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі ұйым, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі бір жерде орналасатын болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ашық алаң да пайда болады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында объектіде болды. Өңір басшысына жобаның іске асырылуы туралы баяндалды.

Қазір ішкі жұмыстар, едендерді орнату, лифт салуға дайындық жүріп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіштер, екі лифт бар.

Қайта құру жыл соңына дейін аяқталады.

Ермағанбет Бөлекпаев мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдай жасауды, ыңғайлы кіреберіс пен автотұрақты қамтамасыз етуді тапсырды.

Жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауда ұстаңыздар. Тұрғындар жақсы абаттандырылған орталықта әлеуметтік қызмет алуы керек, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі жұмыс сапарында жылу желілерін қайта жаңартуды, сондай – ақ Нефтебаза ауданында нөсер кәрізінің құрылысын тексерді. Көктемде бұл ауданда үйлер су астында қалған болатын. Мәселе шешіле бастады, қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Желілердің ұзындығы – 12 км, 19 көше қамтылады. Жоба екі жылға есептелген: мұнда 4,5 км, қалғаны – 2024 жылы жабдықтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, су тасқыны кезінде Ғарышкерлер көшесін де су басып қалған еді. Бұл жол біраз жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген. Қазір жұмыс жасалуда.

Жол төсеніштері ауыстырылып, нөсер кәрізі де жаңартылады.

Ал Ермеков көшесінде жылу магистралі қайта жаңартылуда.

Барлығы 3,2 км құбырды ауыстыру қажет.

Өткен жылы 700 метр төселді, биыл межелі жұмыс жыл соңына дейін аяқталуы керек. Құрылысшылар кесте бойынша жұмыс істейтінін, барлық қажетті материалдар бар екенін баяндады. Жылыту маусымы басталғанға дейін жоба тапсырылады. Ол жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырады, сапасын жақсартады және Бобруйская көшесіндегі үйлер мен жаңа ғимараттарды жылумен байланыстыру үшін қосымша қуат береді.

Бізде желілер 70 % тозған, сондықтан қазір ТКШ саласындағы жобалар басымдыққа ие. Жұмыс жүріп жатыр, келесі жылы да үлкен жобалар бар. Алдағы үш жылда біз тек облыс орталығында ғана емес, барлық серіктес қалаларда да толықтай жылумен, су, кәріз және электр желілерімен айналысатын боламыз. Жобалардың бір бөлігі сараптамаға берілді, біз республикаға өтінім беріп және жергілікті бюджеттен де қаржыландырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өзгелердің жаңалығы