Қарағандыда әскери бөлімде ашық есік күні ұйымдастырылды

18 Қыркүйек 2024, 13:52
345
Бөлісу:
Қарағандыда әскери бөлімде ашық есік күні ұйымдастырылды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қарағандыда ата-аналар 31775 әскери бөліміне барып, сарбаздардың әскери борышын өтеу жағдайымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана өңірлік қолбасшылығына қарасты Майқұдықтағы 31775 әскери бөлімінде ашық есік күні ұйымдастырылып, ата-аналар сарбаздардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысып, асханадан дәм татты.

«Асыл аналар» және «Отбасын қолдау орталығы» қоғамдық бірлестіктері көпбалалы ата-аналар үшін әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырды. Ашық есік күнінде аналар казармада, оқу бөлімінде, жатақханада болды. Сарбаздардың жатын орындарын көріп, асханадан дәм татты. Әскери бөлімде жауынгерлердің әскери борышын абыройлы өтеулері үшін барлық жағдай жасалған. Сарбаздардың көңілдері көтеріңкі, қарындары тоқ, жатын орындары таза. Ата-аналар үшін ең бастысы осы, баласының жағдайы жақсы болса аналардың да көңілі тыныш, - дейді Отбасын қолдау орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Зәмзәгүл Мамалинова.

Ашық есік күнінде сарбаздарға ата-аналарымен бейнеқоңырау арқылы хабарласуға мүмкіндік берілді. Ата-аналар әскери бөлімде сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігін назарда ұстауға барынша мән берілгендігін айтады. Экскурсиядан кейін көпбалалы аналар әскери бөлімнің басшылығына алғыстарын білдірді.

Әскери өмір ұлдарымызды қатаң тәртіп пен батылдыққа, отансүйгіштікке баулығанын қалаймыз. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған балаларымыз отбасына аман-есен оралуын тілейміз. Ұландардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін де жағдай жасап отырған әскери бөлімнің басшылығына алғыс айтамыз. Осындай шаралардың жиі ұйымдастырылғандығы дұрыс, - дейді ашық есік күніне қатысқан аналар.

Өзгелердің жаңалығы