Қарағандыда алаяқтардың айласы асып тұр

21 Ақпан 2024, 18:30
537
Бөлісу:
Қарағандыда алаяқтардың айласы асып тұр
Фото: Арман Мухатов - архив

Өткен жылы алаяқтар Қарағанды облысының халқына 3,1 миллиард теңге көлемінде залал келтірген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жыл өткен сайын алаяқтарға алданып, адал ақшасынан айырылып, сан соғып қалатын қарағандылықтардың саны азаймай тұр. Биылғы жылдың 1,5 айының өзінде облыста 400-ден астам алаяқтық іс тіркелген. Алаяқтар күн өткен сайын алдаудың жаңа тәсілдерін меңгеріп, халықты қан қақсатып келеді.

Халыққа алаяқтар өте үлкен залал келтіреді. Жыл сайын олардың саны артып келеді. Келтірілген залал көлемі милллиондап есептеледі. Өткен жылы облыс тұрғындарына алаяқтар 3,1 млрд теңгеге залал келтірген. Аталған алаяқтық қылмыстардың жартысынан көбі ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асыралады. Өткен жылы 3,5 мың алаяқтық ісі тіркелсе, биылғы жылы 1,5 айдың ішінде 400-ден астам қылмыстық іс тіркелді. Оның 200-ден астамы ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық іс, - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық полиция департаментінің басшысы Санжар Әділов.

Облыстың бас полицейі тұрғындардан алаяқтық іс-әрекеттерге байланысты барыншы қырағы болуларын сұрайды.

Егер де сізге банктің қауіпсіздік қызметі атынан хабарласқан болса  ешқандай да сілтемелерге өтпеуге, басқа адамдарға белгісіз төлем жүйелері арқылы ақша аудармауларыңызды сұраймын. Қазір алаяқтар алдаудың әртүрлі түрлерін ойлап тауып жатыр, - дейді Әділов.

Санжар Әділовтың айтуынша  облыста алаяқтық қылмыстарды ашуға барынша күш салынып жатыр. Осы бағытта қаланың әрбір аудандық полиция бөлімінде киберполиция бөлімдері ашылған. Аталған бөлімдердің көмегімен ақпараттық технологиялар арқылы алаяқтық іс-әрекеттерін жүзеге асырған 1300-ге тарта заңға қайшы сайттар анықталып, 1200-ге тарта сайт бұғатталған екен.

Өзгелердің жаңалығы