Қазақстан Үкіметі Қарағанды облысында жаңа фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады. Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС арасындағы инвестициялық келісімге Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның жалпы құны 42,5 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндіріс импортты алмастыруға және отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттыруға бағытталған.
Зауытта 74 түрлі дәрілік препарат шығару жоспарланған. Оның ішінде онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық препараттар өндіріледі. Сонымен қатар иммунобиологиялық және биотехнологиялық өнімдер шығару көзделген.
Жоба аясында Қарағандыда 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Үкіметтің мәліметінше, бұл бастама елдің дәрілік қауіпсіздігін күшейтіп, фармацевтика саласындағы жоғары технологиялық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылы өндіріс көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, инвестиция көлемі айтарлықтай артқан.