Қарағанды университеті студенттер арасында тараған туберкулезге қатысты түсініктеме берді

25 Қыркүйек 2026, 15:21
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 25 Қыркүйек 2026, 15:21
25 Қыркүйек 2026, 15:21
169
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Әлеуметтік желілерде университет студенттері арасында туберкулезді жаппай жұқтыру дерегі орын алып, 10 адам ауырды деген ақпарат тараған болатын. Бұған қатысты Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті ресми түсініктеме беріп, жағдайдың нақты мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 
Университет әкімшілігі әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа қатысты келесідей жауап берді.
Қазіргі уақытта туберкулездің үш жағдайы расталды. Он жағдай туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде аталған жағдайлардың өзара байланысы жоқ екені анықталды. Науқастар бір-бірімен байланыста болмаған. Олардың екеуі басқа өңірлерден келген, біреуі жергілікті тұрғын, - деп хабарлады Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің баспасөз қызметі. 
Университетте санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен және медициналық ұйымдармен бірлесіп, қажетті профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Жақын байланыста болған адамдардың шеңбері анықталып, оларға медициналық бақылау ұйымдастырылды. Тиісті үй-жайларда санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Іс-шаралар жүргізілген кезеңде жекелеген топтар уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Жақын байланыста болған адамдар мамандардың ұсынымдарына сәйкес 14 күн бойы медициналық бақылауда болады. Бұдан бөлек, студенттер арасында қосымша профилактикалық медициналық тексеру ұйымдастырылды, - делінген ресми жауапта. 
Университет өкілдері туберкулез вирустық емес, бактериялық инфекция, аталған инфекция қол алысу, ортақ ыдыс-аяқ, тамақ өнімдері, тұрмыстық заттар немесе қысқа мерзімді қарым-қатынас арқылы жұқпайтынын жеткізді. 
Аурудың таралу қаупі, ең алдымен, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адаммен жабық жерде ұзақ уақыт әрі жақын байланыста болған жағдайда туындайды. Жағдай Университет басшылығының бақылауында. Санитариялық қызметтердің ұсынымдарына сәйкес қабылданып жатқан уақытша нысаналы шараларды қоспағанда, оқу үдерісі штаттық режимде жалғасуда. Университеттің және уәкілетті органдардың ресми ақпаратына ғана сүйенуді, сондай-ақ тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұраймыз, - дейді Қарағанды ұлттық зерттеу университеті.
Еске салайық, бұған дейін Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері арасында туберкулезді жаппай жұқтыру дерегі орын алды деген ақпарат тараған болатын. Содан кейін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ресми жауап жолдады. 
 
Наверх