Бұған дейін әлеуметтік желілерде Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері арасында туберкулезді жаппай жұқтыру дерегі орын алды деген ақпарат тараған болатын. Жарияланымда ауру 10 адамнан анықталғаны айтылып, жоғары оқу орнында карантин енгізу қажет екендігі мәлімделді. BAQ.KZ тілшісі түсініктеме алу үшін Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгінді.
Ведомствода желіде тараған ақпараттағы ауырғандар саны туралы мәліметтердің ресми деректерге сәйкес келмейтіні мәлімделді. Санитарлық дәрігерлер нақтылағандай, қазіргі уақытта тіркелген туберкулез дерегі бойынша эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр.
Инфекция ошағында санитарлық-гигиеналық, емдеу-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Олар ошақты оқшаулауға және инфекцияның әрі қарай таралуын болдырмауға бағытталған.
Сонымен қатар, он науқас туралы ақпарат ресми түрде расталмаған.
«Әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ауырғандар саны туралы мәліметтер ресми деректермен расталмаған. Эпидемиологиялық зерттеу нәтижелері туралы өзекті ақпарат ол аяқталып, расталған деректер алынғаннан кейін ұсынылатын болады», – деп атап өтті СЭБД.
Сондай-ақ ведомство карантин енгізу мүмкіндігі туралы мәселеге де түсініктеме берді. Қазыбек би атындағы ауданның Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан карантин енгізу туралы қаулы шығарылған жоқ.
Департамент азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына ғана сүйенуге шақырды.
Жағдай бойынша түпкілікті деректер эпидемиологиялық зерттеу аяқталғаннан кейін Қарағанды облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми интернет-ресурсында жарияланатын болады.