Қарағанды облысының құтқарушылары жаңа арнайы техника алды

8 Қаңтар 2024, 09:10
504
Бөлісу:
Қарағанды облысының құтқарушылары жаңа арнайы техника алды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің ТЖД қызметкерлеріне 23 техниканың кілтін табыс етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол күн сайын адамдарды құтқаратын шұғыл қызметтер паркін уақтылы жаңғырту қажеттігін атап өтті.

Қарағанды қаласының гарнизонына IVECO шассиінде өрт сөндіруге арналған автоцистерналар және жоғары өтімділігі бар бес тонналық автоцистерна, сондай-ақ "Байкал" және "Трэкол" қарда өтімділігі жоғары көлік, Jac маркалы шассиде шағын автобус, Mitsubishi жоғары өтімділігі бар автомобиль және Chevrolet Cobalt жеңіл машинасы табысталды.

Сондай-ақ, Теміртау, Шахтинск және Нұра ауданының гарнизондары жоғары өтімді бес тонналық автоцистерналарға ие болды. Қарқаралы ауданына табиғи өрттерді сөндіру үшін осындай екі автоцистерна және Jac маркалы шассиде екі пикап табысталды. Осакаров ауданының гарнизоны өртті сөндіруге арналған бес тонналық автоцистернамен және табиғи өрттермен күресуге арналған пикаппен толықтырылды. Ақтоғай және Бұқар Жырау аудандарына пикаптар берілді.

Сіздердің жұмыстарыңыз қоғам үшін өте маңызды. Соңғы борандар мұны дәлелдеді. Өмірді құтқару, ТЖ алдын алу – басты міндет. Сондықтан республикалық және облыстық бюджеттер есебінен жыл сайын арнайы техниканы жаңартуға тырысамыз. 2023 жылы біз 23 бірлік жаңа техника сатып алдық, оның кілттерін бүгін табыстаймыз. Биыл қосымша техника сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жылдан жылға өңірде құтқару бөлімшелерін жарақтандыру жақсаруда. Соңғы сегіз жылда Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне 188 бірлік өрт және авариялық-құтқару техникасы жеткізілді. Оның ішінде облыстық бюджеттен 104 бірлік сатып алынды.

Құтқару бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуын арттыру авариялық-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деп атап өтті өңір ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Өткен жылы облыстық бюджеттен үш ірі жобаны қаржыландыру басталды – Балқашта өрт сөндіру депосын және Қарағандыда құтқарушылардың оқу-жаттығу кешенін салу, сондай-ақ Теміртаудағы өрт сөндіру депосын күрделі жөндеу. 2024 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен 20 бірлік техника, оның ішінде 50 метрлік өрт сөндіру автосатырларын сатып алу жоспарлануда, – деп атап өтті Мұрат Қатпанов.

Қарағанды облысының Азаматтық қорғау органдары гарнизонының қызметкерлері жыл сайынғы ауқымды көмек үшін алғыстарын білдіріп, берілген техника ТЖ алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға әрқашан дайын болатынына сендірді.

Өзгелердің жаңалығы