Қарағанды облысында Президент Жолдауында айқындалған басымдықтар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңір өнеркәсіп саласында тұрақты өсім көрсетіп, экономиканың әртараптануын күшейтіп, кәсіпорындарды жаңғырту мен жаңа өндірістерді ашуға қомақты инвестициялар тартуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3 трлн теңгеден асты. Биылғы 7 айда 2,7 трлн теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға көп. Өңір экономикасының 40%-дан астамын өнеркәсіп құрайды. Қазір облыста 941 өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді: оның ішінде 36-сы ірі, 67-сі орта және 838-і шағын кәсіпорын.
Өнеркәсіптегі басты оқиға – отандық инвестордың басқаруына өткеннен кейін “QARMET” компаниясының ауқымды жаңғырту жұмыстарының басталуы болды. 2028 жылға дейін 1,6 трлн теңге инвестиция салу жоспарланған, оның ішінде 2024 жылы 572,9 млрд теңге құйылды. Биыл домна пештеріне күрделі жөндеу жасалып, екі конвертердің корпусы ауыстырылды, ауа қыздырғыш пайдалануға берілді, шахталарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Соның арқасында өндіріс көлемі артты: шойын өндіру – 6%-ға, болат – 6,6%-ға, прокат – 4,3%-ға, көмір өндіру – 15%-ға көбейді. Сонымен қатар Теміртауда кәсіпорын маңында металлургиялық кластер құру үшін 15 мың гектарлық индустриялық парк ашу мәселесі қарастырылып жатыр.
Инвесторларды қолдау құралдары да белсенді дамып келеді. “Сарыарқа” арнайы экономикалық аймағында 24 қатысушы тіркелген. Жалпы инвестиция көлемі – 211 млрд теңге, өндіріс көлемі – 258 млрд теңге. 1300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. “Сарань” индустриялық аймағына 472 млрд теңге инвестиция тартылған. 12 қатысушының 5-еуі өндірісті іске қосты, 7-еуі жүзеге асыру кезеңінде. Биыл шағын және орта бизнеске арналған жалпы аумағы 50 мың м² болатын үш шағын өнеркәсіп аймағының құрылысы аяқталады.
Металлургиямен қатар өңірде машина жасау, резеңке және пластмасса өнімдері өндірісі дамуда. Автобус, тұрмыстық техника және автомобиль шиналарының шығарылуы осы секторлардың өсімін қамтамасыз етті. Мәселен, 2024 жылы 1400 автобус пен арнайы техника, 131 мың тұрмыстық техника және 372 мың шина өндірілді.
Инвесторлармен жүйелі жұмыс істеу үшін өңірлік инвестициялық штаб құрылды, Инвесторларды қолдау орталығы жұмыс істейді. Әр жобаға “Сарыарқа” ӘКК, “СЭЗ “Сарыарқа” басқарушы компаниясы және “Kazakh Invest” мамандарынан жеке куратор бекітілген. 2030 жылға дейін жалпы сомасы 4,5 трлн теңге болатын 120 жобадан тұратын инвестициялық пул жасақталды. 2025 жылы 173 млрд теңгеге 29 инвестициялық жоба іске асырылмақ, оның ішінде 15-і өнеркәсіп саласында. Соның ішінде Саран индустриялық паркінде тұрмыстық техника өндіруге арналған локализация орталығы және Қарағандыда металл өнімдері өндірісі көзделген.
Жаңа өндірістерді іске қосуға да ерекше мән берілуде. Қазірдің өзінде ыстық мырыштау зауыты пайдалануға берілді, Samsung теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару басталды. “Тау-Кен Темір” металлургиялық кремний зауыты қалпына келтірілуде: мамырда бір пеш іске қосылды, қарашада екінші пештің іске қосылуы күтілуде. Биыл сондай-ақ алюминий радиаторлары, тік дәнекерлі құбырлар, кремнийлі қорытпалар өндірісі мен қуаты 150 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы аяқталмақ.
Өңірдің минералдық-шикізат базасын кеңейту мақсатында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. IG Global (АҚШ) және Yildirim Holding (Түркия) компаниялары келешегі бар учаскелерде зерттеу жүргізуде. Қуйректыкөл кен орнында барлау жұмыстары аяқталды – сирек жер металдарының (церий, лантан, неодим, иттрий) болжамды қоры 28,2 млн тоннаны құрады. Сондай-ақ алтын, мыс және вольфрам бойынша келешегі зор учаскелер анықталды.
Өңірдің дамуы тек шикізат ресурстарына ғана емес, сонымен қатар білім мен технологияға да негізделген. Инновациялық өнім көлемі 124 млрд теңгеден асып, елдегі оның жалпы экспортының 25%-ын құрады. ҒЗТКЖ-ға 16,3 млрд теңге бағытталды. Облыста Ғылым және технология жөніндегі кеңес жұмыс істейді, “Картех” индустриялық технохабы ашылуда. Ол зертханаларға, технологияларға қол жеткізуге және өнеркәсіптік стартаптарды қолдауға мүмкіндік береді. Оның жұмысына 2025-2027 жылдарға кезең-кезеңімен қаржыландыру қарастырылған.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждер мен университеттермен тығыз әріптестік орнатылды. Облыста 8 ЖОО және 52 колледж бар, олардың 40-ы дуальды оқыту жүйесін енгізген. Жыл сайын кәсіпорындардың сұранысына сәйкес жаңа мамандықтар ашылады. Мысалы, Саран колледжінде 2023 жылдан бері шиналар өндірісіне мамандар дайындалады. Сондай-ақ “Жұмыс тап” және WorldSkills сияқты қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары жүзеге асырылуда.