Қарағанды облысының мектептеріне жаңа автобустар берілді

22 Мамыр 2023, 20:47
881
Бөлісу:
Қарағанды облысының мектептеріне жаңа автобустар берілді
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің сайты

Қарағанды облысының ауылдық мектептерінің автопаркі тағы сегіз жаңа автобуспен толықтырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ыңғайлы көлік жол қауіпсіздігі талаптарына жауап береді.

Ауылдық мектептердің автопаркін толықтыру туралы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өзінің Facebook парақшасында жазды.

Қарағандыға Алматы қаласының Hyundai Trans Auto зауытында жасалған сегіз жаңа қырық орындық мектеп автобусы келді. Бұл Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Шет аудандары мен Теміртау қаласының Ақтау кентінің балаларын қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етеді, – деп жазды Гүлсім Қожахметова.

Өткен жылдан бастап ауыл мектептері 27 заманауи автобус алды. Олар қаржы лизингі бағдарламасы бойынша жеңілдікті шарттармен сатып алынды және қазіргі заманғы талаптарға жауап береді. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп қолдорбаларына арналған сөрелермен, автобус есіктері ашылғанда қозғалысты бұғаттау жүйесімен жабдықталған, жылдамдығы 60 км/сағ дейін шектегіш бар.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін QazTehna зауытының 19 жаңа мектеп автобусын Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандары мен Ақтау кентінің ауылдық мектептері алған болатын.

Жаңа техниканың арқасында ауыл мектептерінің оқушылары олимпиадаларға, спорттық жарыстарға және басқа да іс-шараларға жиі бара алады.

Өзгелердің жаңалығы