Қарағанды облысының әкімі «АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы жағдай туралы айтты

11 Қараша 2023, 23:40
649
Бөлісу:
Қарағанды облысының әкімі «АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы жағдай туралы айтты
Фото: baq.kz

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев журналистермен кездесіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахталарындағы жағдай және қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көрсетілген материалдық көмек туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінгі таңда компанияның төрт шахтасы толық жұмыс істеуде. «Қазақстанда» өрт салдарын жою жалғасуда, Костенко атындағы шахтада апатты тергеу жүріп жатыр.

Мамандардың бағалауы бойынша Костенкодағы жұмысты толық қалпына келтіру үшін тағы 2–2,5 ай қажет болады. Шахталарды жабу туралы әңгіме болған жоқ. Олар жұмыс істейді. Сондай-ақ кеншілер мен металлургтердің жалақысын төмендетуге қатысты өзгерістер болмайды және қысқартулар да болмайды. Ұжымдық шартқа сәйкес барлық міндеттемелер орындалатын болады, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қаза тапқан кеншілердің отбасылары барлық қажетті көмекті алады, деп толықтырды әкім. Бүгінгі таңда 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем құжаттарын ресімдеді, 42-сі төленді, қалғандарына төлемдер жалғасуда. Республикалық бюджеттен 23 жасқа дейінгі ЖОО-да оқитын кәмелетке толмаған балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тарапынан 41 отбасына 10 жылдық жалақы төленді. Қаза тапқан кеншілердің, олардың жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелері өтелді, – деп атап өтті өңір басшысы. – Сондай-ақ, компания әрбір отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр пайдалы алаң есебі бойынша пәтер сатып алуға міндеттенеді. Сақтандыру төлемдері, жоғары оқу орындарындағы балалардың 23 жасқа дейін оқу ақысын өтеу қараша айынан бастап түсе бастайды.

Облыс әкімі «АрселорМиттал Теміртау» қаза тапқандардың отбасылары алдындағы барлық міндеттемелерді орындайтынын атап өтті. Медициналық мекемелерде әлі де зардап шеккен 10 кенші жатыр. Олар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары орташа және жеңіл деңгейде деп бағаланады.

Өзгелердің жаңалығы