Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қарағанды облысында жеңіл көлік киіктермен соқтығысты: бір адам зардап шекті

19 Мамыр 2025, 01:26
658
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Республикалық маңызы бар "Астана – Қарағанды (айналма) – Алматы" автожолының 1395 шақырымында, Қарағанды облысы Ошаған ауылы маңында жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ВАЗ маркалы автокөлік Теміртау қаласы бағытына бет алған сәтте жолға шыққан киіктермен соқтығысып, салдарынан көліктегі жолаушы жарақат алды. Зардап шеккен азамат аудандық ауруханаға жеткізілді.

Оқиға болған сәтте жолдың беті құрғақ әрі таза, қозғалысқа ешқандай шектеу қойылмаған. Жол бойында тиісті қауіпсіздік белгілері орнатылған және жануарлардың жолға шығуын болдырмау үшін қоршаулармен қамтамасыз етілген.

Алайда алдын ала мәлімет бойынша, киіктердің жаппай қозғалуына байланысты қоршаудың бір бөлігі бұзылған. Соның салдарынан жабайы аңдар жолға шығып кеткен. Қазіргі уақытта қоршауларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр және жолдың өзге де учаскелері тексерілуде.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құзырлы органдар тарапынан қосымша шаралар қабылдануда. Жүргізушілерге, әсіресе түнгі уақытта, жылдамдық режимін сақтап, жол бойында жабайы және үй жануарларының шығу ықтималдығына аса мұқият болу ескертіледі.

Өзгелердің жаңалығы