Қарағанды облысында 363 түлек «Алтын белгіге» үміткер

13 Мамыр 2022, 04:33
1372
Бөлісу:
Қарағанды облысында 363 түлек «Алтын белгіге» үміткер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 16–17 маусымда мектеп түлектеріне білім туралы аттестаттар табыс етіледі. Өңірде биыл 11-сыныпты 8 789 адам бітіреді.

Бүгінгі таңда облыс мектептерінде 206 мыңнан астам бала білім алуда. Биыл «Алтын белгі» алуға үміткерлер саны – 363, үздік аттестатқа – 401, 9-сыныптарда үздік аттестатты 1 365 адам алуы тиіс.

Облыстың бас педагогы Гүлсім Қожахметова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қорытынды емтихандар мен бітіру кештерін ұйымдастыру ережелері туралы сөз етті.

28 мамыр мен 6 маусым аралығында 9 сынып оқушылары үшін, 27 мамыр мен 10 маусым аралығында 11 сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау күндері анықталды, – деп атап өтті Гүлсім Қожахметова. – Тоғызыншы сынып оқушылары төрт жазбаша емтихан тапсырады: қазақ/орыс тілдерінен эссе, математика, қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті және дербес пән бойынша таңдау.

11-сынып білім алушылары бес емтихан тапсырады: алгебра және талдау бастаулары бойынша, қазақ/орыс тілдері бойынша, қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті бойынша, таңдау пәні бойынша және Қазақстан тарихы бойынша билеттегі сұрақтарға ауызша жауап береді.

Қорытынды емтихандарына арналған материалдар 25 мамырға дейін барлық білім бөлімдеріне жеткізіледі.  Аттестаттау барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектеп базасында жүргізіледі.

Соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиын 25 мамырда дәстүрлі форматта ұйымдастырылады.

Облыс мектептерінің түлектеріне білім туралы аттестаттар тапсыру 16-17 маусым аралығында өтеді. Бітіру кештерін білім беру ұйымдарының күшімен өткізу қажет, – деп қосты спикер.

Түлектерге және олардың ата-аналарына мерекелік отырыстардан және жалға алынған көліктермен экскурсиядан бас тарту ұсынылды. Іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, жеке студияларды тартуға тыйым салынады.

Өзгелердің жаңалығы