Қарағанды облысында 2 су қоймасы салынады

16 Мамыр 2024, 16:44
475
Бөлісу:
Қарағанды облысында 2 су қоймасы салынады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қарағанды аймағында 237 су қоймасы бар. Оның дені тозығы жетіп, ескірген. Алдағы уақыттары облыстың бірқатар су қоймаларында жөндеу жұмыстары жүргізілмекші, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сондай-ақ, Қарқаралы мен Осакаров аудандарында жаңа су қоймалары салынбақшы.

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Қарқаралы ауданының Ынталы ауылында, сонымен қатар, Оскаровка ауданының Садовое елдімекенінде үлкен су қоймаларын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Бұл шаралар оң шешімін табатын болса, жоба жасалынып, одан кейін республикалық бюджет қаржысына екі бірдей жаңа су қоймасы салынады.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының балансында 237 су қоймасы бар. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары салынған су қоймаларын әбден тозған. Оларды біртіндеп қалпына келтіріп, күрделі жөндеу жұмыстарын, жаңғырту шараларын жасау жоспарланып отыр. Одан кейінгі қадам осы гидротехникалық нысандардағы суды жаз маусымында егістікке ұтымды пайдалануды көздеп отырмыз. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп облыстағы су қоймаларын қалпына келтіру бойынша жол картасы жасалған. Осы бойынша Қарқаралының Ынталы, Осакаровканың Садовое ауылында 2 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр, - дейді Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.

Басқарма басшысының сөзінше облыстың әкімшілік органдары мен құтқарушылардың алдын ала жоспарлары мен бірлескен жұмыстарының нәтижесінде көктемде көптеген елдімекен мен ауыл-аймақтар тасқын судан аман қалды.

Басқа облыстарға қарағанда біздің облыста су тасқыны қанағаттанарлық деңгейде өтті деп айтуға болады. Өзеннің арналарын уақытылы тазаладық, үлкейттік, тереңдеттік, санациялар жүргіздік. Осы жұмыстар облыста су тасқынының қарқынды болмауына өз үлесін қосты. Мысалы, облыстағы ең үлкен өзен саналатын Нұраның сағасының бойымен ағаштар өсіп кеткен, бұл көктемде су деңгейінің көтеріліп, елдімекендерге жайылуына әкеледі. Биыл біз осы ағаштарды кесіп, өсімдіктерді орып, өзен арнасын 20 метрден 100 метрге дейін кеңейттік. Біраз жұмыс істеліп, соның арқасында тиісті нәтиже алдық деп айта аламын. Дегенменде, Шет ауданының біраз елдімекендерін қызыл су басты. Биыл Қарағанды облысының су қоймалары жарылған жоқ. Бірақ Таңатбай су қоймасында қауіп болды. Қазіргі уақытта осы қауіптің алдын алып, келер жылы төтенше жағдай болдыртпау мақсатында су қоймасында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Ол үшін облыстық және республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмақ, - дейді басқарма басшысы Бақтияр Санбаев.

Бақтияр Жұматайұлының айтуынша, биыл облыстағы 8 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Олар Тихоновка, Тоғызқұдық, Жастілек, Қарасаз, Ақжар, Таңатбай, Ақтұмсық, Мұқтар су қоймалары. Сондай-ақ, аймақтағы ірі өзендердің сағасын санациялау жұмыстары да жалғасын табатын болады. Қазіргі уақытта Тоқырауын өзені және Молодецкий мен Волоховский елдімекендерінің аумағындағы Нұра өзенінің арнасын санациялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, 2025 жылы көктемде су тасқынын болдырмау мақсатында елдімекендерде қорғаныс білітерін орнату және нығайту, автокөлік жолдарындағы құбырлардың су өткізу қабілетін арттыруға бағытталған біршама шаралар атқарылатын болады. Бұл шаралар облыстың елуден астам елдімекенін су басу қаупін азайтуға мүмкіндік бермек.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биылғы жылы облыста орын алған су тасқынының зардаптары ескеріле отырып, тосыннан келетін төтенше жағдайға қарсы іс-шаралар жалғасын табатын болады. Оның ішінде, аймақтағы 72 жол бөлігінде су өткізу құбырлары орнатылады. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы облыстағы барлық бөгеттер мен гидроқұрылыстардың жай-күйін қайта тексереді.  
Жалпы облыста 2015 жылдан бастап су тасқына қарсы көптеген шаралар атқарылған. Оның ішінде өзендердің арналары кеңейтіліп, түптері тереңдетілген, жағалауларда нығайту жұмыстары жүргізілген. Автомобиль жолдарының су өткізу құбырларының қабілеті ұлғайтлып, жиырмадан астам су шаруашылығы нысандарына жөндеу жұмыстары жасалды.  
Еска салайық, биыл көктемде Қарағанды облысының Шет ауданында бірнеше елдімекенге қарғын су кіріп, 40-тан астам үйді су басты. Тұрғындар қауіпсіз жерге эвакуацияландырылып, ауданда жергілікті ауқымда төтенше жағдай режимі жарияланды. Сондай-ақ, Қарағанды облысының аумағындағы республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар тас жолдардың 37 учаскесінде еріген қар суы жолдың ернеуінен асып, көлік қозғалысына шектеу қойылып, халық әбігерге түскен болатын.

Өзгелердің жаңалығы