Қарағанды облысы Шет ауданында су алған үйлерді арнайы комиссия бағалайды

3 Сәуір 2024, 13:23
238
Бөлісу:
Қарағанды облысы Шет ауданында су алған үйлерді арнайы комиссия бағалайды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Аймақта су тасқынынан ең көп зардап шеккен Шет ауданындағы тұрғын үйлер тексеріліп, келтірілген шығынның көлемі анықталуда. Бұл үшін аймақта арнайы комиссия жұмысын бастады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Көктемгі су тасқыны салдарынан Шет ауданында қарғын су бірнеше ауылға кіріп, 40-тан астам тұрғын үйді су басты, 90 бас ірі қара мен ұсақ мал қырылды. 30 сәуірде эвакуацияланған Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна және Деріпсал елдімекендерінің тұрғындары 2 сәуірде үйлеріне оралды. Алайда тұрғындар үйлерінің сыз тартып, жарамсыз болғандығын, тұрмыстық құрылыстар құлағандығын айтады.

Үйімізге толық су кіргендіктен тұруға жарамсыз. Туған-туысты паналауға мәжбүр болып отырмыз. Мал мен құсқа арнап салынған қора-қопсы, сарайларымыз тіпті құлап жатыр. Аудан әкімі мемлекеттен көмек болатындығын айтты. Бар үміт мемлекетте, - дейді Шет ауданының тұрғыны Орынбек Жұмажан.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың шығынын есептеу үшін арнайы комиссия жұмысын бастады. Жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялануына байланысты енді зардап шеккендерге өтемақы қарастырылған. Егер де су басқан үйлерді қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмаса, онда екінші нарықтағы тұрғын үй сатып алынатын болады. Сонымен қатар, тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетілуде. Ақсу мен Қайрақты ауылдарының халқына азық-түлік, киім-кешек, басқа да тұрмыстық керек-жарақтар жеткізілді.

Арнайы комиссия сараптама жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта әкімдік мамандары зақымданған, жарамсыз заттарды тіркеп, шығын көлемін есептеп жатыр, - деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.

Өзгелердің жаңалығы