Пилоттық жоба ретінде алғаш рет енгізілген «Alaqan Mektep» жобасы ата-аналарға балаларының мектепке кешікпеуін, асханадан тамақтануын және кітапханадан алған кітаптары жайлы ақпараттарды қашықтықтан алуға мүмкіндік береді, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыст алғаш рет қолға алынған «Alaqan Mektep» жобасы Абай атындағы мектеп-гимназиясында 1 қыркүйектен бастап жұмыс істеп тұр. Мектеп директоры жоба ата-аналарға балаларының қауіпсіздігі мен денсаулығын қашықтықтан қадағалауға мүмкіндік беретіндігін айтады.
Жоба арқылы ата-аналар балаларының мектепке қай уақытта кіргенін, кітапханаға барғанын және асханада тамақтанғанын қашықтан бақылай алады. Оқушылар мектепке кіреберісте арнайы құрылғыдағы терезеге алақанын қояды. Турникеттен басталатын жобада ең алдымен балалардың мектепке келген уақыты нақтыланады. Одан кейін кітапхана мен асханада да осындай құрылғылар орнатылған. Ата-аналар балаларының асханаға барған не бармағанын, сондай-ақ ас мәзіріндегі тағамдар жайлы ақпараттарды ала алады. Мектебіміздің сайтында немесе көзге көрінетін жерлерде ас мәзірі жайлы ақпараттар ілініп тұрғанымен, күнделікті әрбір баланың тамақ ішкенін немесе ішпегенін және ол қандай тамақ түрлерімен тамақтанғандығы жайлы ата-анаға ақпарат беруде тиімді жоба деп айта аламын, - дейді Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Жадыра Баймолдина.
Қарағандыда алғаш рет пилоттық жоба ретінде енгізілген жоба мектептің 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасылардың балаларын қамтиды. Арнайы құрылғылар балалардың алақандары арқылы түр-келбетін анықтап, «Alaqan» мобильді қосымшасы арқылы ата-аналарына ақпарат беретін болады.