Қарағанды автобустарын алматылықтар мен тараздықтар жүргізеді

9 Наурыз 2023, 10:25
870
Бөлісу:
Қарағанды автобустарын алматылықтар мен тараздықтар жүргізеді
Фото: ekaraganda.kz

Бұл туралы №5 автопаркте Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожықовпен кездесуде мәлім болды, деп хабарлайды, BAQ.KZ Қарағанды облысындағы тілшісі.

 Басшылық өз паркінің аумағында басқа өңірлерден келген жүргізушілер тұратын қонақүйлер салуға ниетті.

Кәсіпорын Алматы және Тараз қалаларымен арнайы келісім-шарттар жасасып үлгерген. Енді қос қаланың мамандары Қарағанды қоғамдық көліктерін тізгіндейтін болады. 

Сонымен қатар, жиын барасында Пришахтинск тұрғындарының проблемалық мәселелері талқыланды. Олардан автопаркке көптеген шағымдар түсуде.

Бұл бағыт бойынша жол азабын тұрғындар тартуда. Мәселе жедел шешімді қажет етеді. Себебі, Пришахтинск секторының аумағында 68 мыңға жуық адам тұрады. Пришахтинск – кәдімгі үлкен қала. Алдағы  жоспарлар туралы бір тоқтамға келу маңызды: халыққа қандай уәде береміз, мерзімдер қандай, көлік саны қаншаға көбееді. Әзірге келтірілген қолайсыздықтар үшін сіздерден кешірім сұраймын, –  деді қала басшысы жұртшылыққа қайрылып.

Компания басшылығының айтуынша, бұл жағдай жүргізушілер құрамының жетіспеушілігінен және пандемиядан кейінгі кадрлық ауыс-түйістерден туындаған.

Мәселе негізінен жалақының төмендігіне байланысты екенін түсіндік. Қазір еңбекақы көтерілді. Жүргізушілер құрамы едәуір өсті, – деп ақталады кәсіпорындағылар.

Автопарк бүгінде 9 маршрут бойынша қызмет көрсетеді. Бұл шамамен – 44 жолсапар. Шаһар әкімі атап өткендей, қазір автопарк ең мықтағанда жұмысының жартысын ғана орындауға қауқарлы. Бүгінде автопаркте барлығы 39 жүргізуші ғана жұмыс істейді. Іс жүзінде олар алатын жалақы айлық түгілі шайлыққа да жетпей тұр. 

Қалада электронды карта арқылы төлем жүргізу көп жайдың басын ашты. Жолаушылар ағыны баяу болса да, артып келе жатқанын көруге болады. Табыстың өсуіне байланысты біз жалақыны көтереміз. Ай сайын біз кемінде еңбекақыға 20-30% қосамыз. Бүгінгі таңда жүргізушілер қауымы шамамен 350 мың теңге қолға алып жүр, – деп мәлімдеуде компания өкілдері.

«Қош. Жалақы өссе, еңбек шарттары тәуір болса, өңірге қонақ үй салып, ордалы оңтүстіктен шопыр жұмылдырудың не мәнісі бар?!» деген сауал көптің көкейінен кетер емес. Сауал бар. Жауап екіұшты.

Өзгелердің жаңалығы