Қарағанды облысында 7700 адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді

28 Мамыр 2019, 08:35
3397
Бөлісу:
Қарағанды облысында 7700 адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды аймағында әлеуметтік көмек алушылардың қатары өскен. Бұл жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдеді.

Басқарма басышылығының мәліметінше, сәуір айында өңірде әлеуметтік көмекті 7700 адам алған. Мемлекеттің қолдауын сезінетін жандардың қатары алдыңғы уақыттары өсетін болады.

Аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін бюджеттен осы жылға 2 млрд теңге қаржы бөлінсе, өткен айда оның 800 миллионға жуығы игерілген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бұл мақсатқа 9 млрд теңге көлемінде қаржы қажет.

«Биыл атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізіліп, ол жеңілдетілді. Бір ғана жеке бас құжатымен АӘК беріледі. Жұмыспен қамту бөлімінде ақпараттар болмаған жағдайда ақпараттық жүйе қажетті құжаттарды тиісті мекемеден өзі сұратады. Елбасының тапсырмасына сай 1 cәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің көлемі өсті. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін әлеуметтік көмектің көлемі былтыр 14 мың теңге болса, биыл сәуір айынан бастап 20 789 теңгеге жетті. Өткен жылы осы мақсатта 450 млн теңге игерілсе, 2019 жылдың тек бір айында ғана 774 млн теңге жұмсалды. 2018 жылы өңірде 11 мың адам әлеуметтік көмекке мұқтаж болса, 2019 жылы олардың қатары 40 мың адамға жеткен. Нәтижесінде, берілетін қаражат көлемі ұлғайып, мемлекеттік қолдауға ие болушылардың қатары артты», - облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Оның айтуынша, 1 мамырдан бастап Қарағанды мен Жезқазған қалаларында көпбалалы аналарға қала ішіндегі қоғамдық көлікте тегін жүру билеттері берілген.

«Төрт баламыз бар. Отбасымызбен пәтер жалдап тұрамыз, жекеменшік баспанамыз жоқ. Өзім бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жолдасымның табысы аз. Сәуір айында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жаздық. Комиссия келіп, үйімізді, тұрмысымызды қарады. Содан кейін бір жылға келісімшартқа отыруға өтініш жазуға шақырды. Осы айда 98 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алдық. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмекке алғысым шексіз», - дейді көпбалалы ана Жұпар Кенжебаева.

Өткен бір айдың ішінде облыс бойынша 7700 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Дегенмен, мемлекеттің қолдауына мұқтаж жандар әлі де бар. Олардың көпшілігі көмекке кешігіп жүгінгендер. Әлеуметтік көмекті белгілейтін мекеме мамандары бұл жандарды тізімге енгізу үшін барлық шараны атқаруда.

«Түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын әлі де болса жүргізу қажет. Көптеген тұрғын өздерінің құқықтарын білмейді. Сондықтан да халықты ақпараттандыруды әрі қарай жалғастыру керек», - дейді облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерқара Аймағанбетов.

Халыққа әлеуметтік көмек көрсетудегі басым бағыттарының бірі – көпбалалы аналарды оқыту және оларға өз ісін бастауына көмектесу. Бұл бағытта да облыста бірқатар шара атқарылуда. Мысалы, Шахтинск қаласында және Абай ауданында «Іскер ана» жобасы аясында 40 әйел тігін цехында білім алуда. Көпбалалы отбасыларға жеке кәсіп ашып, бизнеспен айналысуға мүмкіндіктер берілген. Нақты жобаларын ұсынған 200-ден аса ананың әрқайсысына 505 мың теңге көлемінде алғашқы ақшалай көмек беру жоспарланған.

«Көпбалалы аналардың мәртебесін көтеру қажет. Көптеген отбасыларда ер адамдар вахталық әдіспен жұмыс істейді, олар 15-20 күн үйде болмайды. Осы уақыт аралығында әйел адамдар бала бағып, үй шаруасына жалғыз қарауға мәжбүр. Осы аналарымызға көмек қолын созуымыз керек», - дейді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков.

Өзгелердің жаңалығы