Маңғыстау облысында қара уылдырықты заңсыз сақтау дерегі анықталды.
«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қара уылдырықты заңсыз сақтады деген күдікпен 38 жастағы ер адамды ұстады.
Жедел іс-шаралар барысында Мұнайлы ауданы аумағында жалпы салмағы 5 келіден асатын қара уылдырық салынған ыдыстар тәркіленді. Аталған дерек бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерімен, сондай-ақ олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Маңғыстау облысының ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін прокуратура заңсыз балық сатып алғандар да жауапқа тартылатынын ескертті.