Атырау облысының прокуратурасы бекіре тұқымдас балық пен уылдырықты браконьерлерден сатып алу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қадағалау органының мәліметінше, азаматтардың заңсыз ауланған өнімге сұранысы оның көлеңкелі айналымына жол ашады. Осыған байланысты прокуратура мұндай балықты сатып алу іс жүзінде сатып алушыны құқықбұзушылықтың сыбайласына айналдыратынын атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 30 экологиялық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 11 қылмыстық іс сотқа жолданып, 10 адам сотталған.
Прокуратура азаматтардың назарына мына жайтты ерекше аударады: Қылмыстық кодекстің 339 және 339-1 баптарына сәйкес, тек заңсыз балық аулағандар ғана емес, сонымен қатар сирек кездесетін жануарларды және олардың бөліктерін заңсыз сатып алған, сақтаған, сатқан немесе тасымалдаған адамдар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деп мәлімдеді ведомство.
Мысал ретінде прокуратура биылғы бір жағдайды келтірді. Атырау тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тінту кезінде одан 501,9 келі бекіре тұқымдас балық табылып, тәркіленген. Сот оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол 304 млн теңгеден астам материалдық шығын мен мемлекеттік бажды өтеуге міндеттелді.
Атырау облысының прокуратурасы ескертеді: заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Жеке тұлғалардан тиісті рұқсат құжаттарынсыз, шығу тегі күмәнді балық пен уылдырықты сатып алу арқылы сіз қылмыстық құқықбұзушылыққа сыбайлас боласыз, – деп атап өтті прокуратура.