Қара шыбыннан тыңайтқыш ойлап тапқан

12 Сәуір 2024, 13:28
3997
Бөлісу:
Қара шыбыннан тыңайтқыш ойлап тапқан
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Талдықорғандық ерлі-зайыптылар тітіркенгіш жәндіктерден жаңа стартап ойлап тапты. Олар «қара сарбаз» шыбынының дернәсілінен түрлі тыңайтқыштар әзірлеп шығарған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қалдықтармен қоректенеді

Инженер-энергетик Жәнібек Ыбырайым мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жас ғалымы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Әйгерім Қамбарова үш жылдан бері қара сарбазды (Hermetia illucens) өсірумен айналысып келеді. Бұл жәндіктер араларға қатты ұқсайды, тек түсі біркелкі және жұп қанаттары бар. Ересектері 2 апта ғана өмір сүреді, аузы жоқ, тек иіс сезеді. Бірақ оның құртқа ұқсас жетілмеген дернәсілдері болып отыр. Бұл буынаяқтылар типіне жататын омыртқасыз жәндіктер класының пайдасы көл-көсір.

Қара шыбыннан тыңайтқыш ойлап тапқан

Бұл тамақ қалдықтарын тиімді өңдеу, жүз пайыз органикалық тыңайтқыш, сондай-ақ тірі тағам өндірудің ең тиімді тәсілі. Біз дернәсілдер арқылы қоғамға зиянсыз, шаруаға қыруар пайда әкелетін стартапты қолға алдық. Басында егіншілікпен айналысатын қожалықтар байыбына бармағанымен, артынан қызығушылық танытты. Қазір қолға алған жобамыз біртіндеп өркендеп келеді, - дейді Жәнібек Қалибекұлы.

Өңір үшін өзекті жобаның идеясы жас жұбайларға пандемия кезінде келген. Стартап авторы сол уақытта қалалық кәсіпорындарының бірінде бағдарламашы болып жұмыс істейді. 30 жастағы энтузиас алғашында бекіре тұқымдас балық өсірудің жоспарын жасап, тіпті соған лайық жаңа жоба дайындай бастағанын айтады. Сөйтіп, оларды азықтандыруға кететін шығынды азайтудың жолын іздестіру барысында қара сарбаз шыбынының дернәсілдері туралы ақпаратқа тап болады.

Әуелде тереңірек зерттей бастадым. Дернәсілді органикалық қалдықтарда өсетінін білдім. Мен бірден ойладым: бұл тамаша экожоба болуы мүмкін, өйткені студенттік кезімде Қонаев пен Алматы қалаларының арасындағы үлкен қоқыс полигонының жанынан өтіп бара жатып: «Осымен ештеңе істеуге болмай ма?» деп ойлайтынмын. Осылайша жаңа жоба алға шықты, - дейді «Қара сарбаз» фермасының технологы.

Ең ғажабы, аграрлы облыстың ауылшаруашылық саласын ескере отырып, дернәсілді жануарларды азықтандыруда кеңінен қолдануға болады. Бірақ қазір бұл бағыт облыста онша дамымаған. Әрине, Қазақстанда қара сарбазды өсіретін адамдар бар, дегенмен аз мөлшерде. Мәселен шетелде бизнестің бұл түрі кеңінен танымал.

Қара шыбыннан тыңайтқыш ойлап тапқан

Күніне 35-40 кг дернәсіл сатылады

Бүгінде Жетісудағы шағын шаруа қожалықтары күнделікті 20-25 кг тірі, 10-15 кг кептірілген дернәсілдерді сатып алуда. Одан бөлек, қалған зоогумусты қаладағы ландшафтпен айналысатын фермаларға көтерме бағамен саудалап жатырмыз. Сұраныс өте жоғары болғандықтан, «қара сарбаз» шыбыны дернәсілін күніне 1 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді жас ғалым Әйгерім Қамбарова.

Оның айтуынша, жолдасы екеуі жобаны үлкен кәсіпке айналдыруға ниетті. Жас ғалым бала кезінен биология пәніне қатты қызығады. Жеті жылдан бері Жетісу университетінде жұмыс істей жүріп, ақыры жеке жобасын қолға алған.

Жаңа идея мен академиялық көзқарастың тамаша бірлестігі тез жемісін берді. Ерлі-зайыптылар алты ай бойы жобаны теориясын бірлесе оқып, 2021 жылдың көктемінде іске кіріседі. Осылайша университет жылыжайынан 200 шаршы метр аумағын жалға алып, дернәсіл өсіруді бастайды. Ал оларды қоректендіру үшін қоғамдық тамақтандыру орындарының ас қалдықтарын алып, бидай кебегін араластырып береді.

Оларды жыл бойы өсіруге болады. Ең маңызды фактор шыбындар мен дернәсілдерге оңтайлы климаттық жағдай қалыптастыру. Аналығы бір мезгілде 400-ден 800-ге дейін жұмыртқа салады. Ол небәрі 14 күнде жұмыртқадан дернәсілге айналады, орташа салмағы Х 4000. Яғни, 1 грамм жұмыртқадан екі аптада 4 кг дернәсіл жинауға болады. Дернәсілдер аминқышқылына өте бай. Оның бірегей құрамынан фармацевтика мен косметологияда кеңінен қолданылатын хитин және меланин алуға мүмкіндік береді,-  дейді Ә.Қамбарова.

Ашық сары құрттардың ұзындығы 25 мм-ге дейін өседі, салмағы 1 грамның оннан екі бөлігін құрайды, оның жартысына жуығы аминқышқылдары. Әрі қарай, технологияға сәйкес, құрттар өңдеуге жіберіледі немесе тікелей жаңа күйінде сатылады. Зоохумустың бір бөлігі көгалдандыру компанияларына көтерме бағамен саудаланып жатыр.

Қара шыбыннан тыңайтқыш ойлап тапқан

Құс біткеннің таптырмас азығы

Құрттар негізінен тауық және жұмыртқа өндірушілер арасында сұранысқа ие. Бірақ жас ғалымдар жергілікті нарық мұндай өнімдерге дайын емес екенін айтуда. Мысалы, Еуропа елдерінде қара сарбаз ұзақ уақыт бойы ауылшаруашылық саласының таптырмас көмекшісі болған. Ол қалдықтардан құтылуға, тыңайтқыштар алуға және жануарларды сау азықпен қамтамасыз етуге көмектеседі. Олар алдағы уақытта бидаймен будандастыру идеясын ойластырып отыр.

Жалпы жоба 5 жылға есептелген. Қазір олар өндірісті іске қосу және технологиялық процестерді орнатуды қоса алғанда, бірінші кезеңінде тұр. Әзірге басты мақсат – тәулігіне 100 келі өнім шығарудың тұрақты көлеміне жету. Ал болашақта күніне 2-3 тонна дернәсіл шығарып, 10-15 тоннаға дейін органикалық қалдық өңдемек.

Келешекте ақуызды-липидті концентрат өндіру жоспарлануда. Бұл пробиотикалық қасиеттері бар ауылшаруашылық өнімі болмақ. Яки, үй жануарларының, балықтардың, құстардың, бауырымен жорғалаушылардың барлық түрлеріне арналған әмбебап жемдік қоспа болып табылатын майсыз кептірілген дернәсіл. Бірақ біз мұнымен де тоқтап қалғымыз келмейді. Дернәсіл майына зертханалық зерттеулер жүргізгіміз келеді. Өйткені кейбір дереккөздер оның фармацевтикалық және косметикалық құндылығы барын айтуда. Яғни, біздің мақсатымыз әр түрлі дайын өнім алу. Оны да сертификаттап, экспортқа шығарғымыз келеді, - дейді Жәнібек Ыбырайым.

Ерлі-зайыптылар қате есептеулер мен технологиялық қателіктер жібергенін жасырмайды. Дегенмен, мұның бәрін баға жетпес тәжірибе деп есептеп, экспериментті жалғастыруға ниетті.

Иә, көптеген дамыған мемлекетте ғылым мен бизнес қатар жүреді. Бұл жобаға инвестиция салуға ниетті кәсіпкерлер болса, құшақ ашық. Жәнібек пен Әйгерімнің стартаптары ғылымды коммерцияландырудың жарқын үлгісі болады деген үміттенеміз.

Өзгелердің жаңалығы