Қантты көп жейтін адам қалай ораза ұстау керек?

20 Ақпан 2024, 16:12
1869
Бөлісу:
Қантты көп жейтін адам қалай ораза ұстау керек?
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Күнтізбеге сәйкес Рамазан айы 11 наурызда басталады. Қасиетті айда ораза ұстап, ауыз бекітетін адамдар қаншама. Бірақ диетолог маман ораза ұстау үшін оған мұқият дайындалу керектігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Жанна Нұрбергенқызы, қайырлы күн. Айтыңызшы, ораза кезінде дұрыс тамақтану тәртібі қалай болу керек?

Алдымен оразаға кіру үшін адам өз ағзасын дайындау керек. Күнделікті көп тамақ жеп үйренген адамға бір күнде бірден ашығуға отырса, біріншіден, ағзаға стресс болады, екіншіден, зат алмасу процесі бұзылады. Сондықтан оразаға кіргенде де, шығарда да абайлау керек.

- Сонда дайындықты неден бастаған жөн?

Ең бірінші дәрумен мен гармондарға қан анализдерін тапсыру керек. Сол кезде ағзамызға қандай дәрумен жетіспейтінін анықтап, алдағы 1 ай бойы соның орнын толықтыруға тырысамыз.

- Ал денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ адам ше?

Денсаулығы жақсы адамға да дұрыс тамақтануға кеңес береміз. Қазір көп адам оны дұрыс түсінбей, диета деп ұғып жүр. Жоқ, олай емес. Дұрыс тамақтану кезінде барлық тағамды жеуге болады. Жалпы әрбір адам күніне 10 мың қадам жүріп, дәрумендер қабылдау керек

- Қант диабетімен ауыратын адамдар ораза ұстай алады ма?

Міндетті емес. Себебі қант диабетімен ауыратын адамдар өз уақытымен инъекциясын алып отыру керек. Ал оразада ауыз ашқан кезде инсулиннің деңгейі өте қатты көтеріліп, оларға қауіпті болмақ. Сондықтан өз диетасын ұстап, дұрыс тамақтанғаны жөн. Ораза уақытында оған тыйым салынған.

- Жалпы ондай диагнозы бар адамдар нені ескеру керек?

Қант диабетінің екі түрі бар. Бұл диагноз енді басталып келе жатқанда емдеп алуға болады. Жеген тамағына мән беру керек. Себебі диабеттің себебі де сол – дұрыс тамақтанбау, зиянды тағамдарды жеу, суды аз ішу, тәттіні көп жеу. Сондықтан бұлардың бәрінің алдын-алуға болады.

- Ораза ұстаймын деп ниет еткен адамдарға қандай кеңес бересіз?

Ең алдымен, чек-ап тапсырыңыздар деймін. Анемия болсаңыз, оразаға дейін емделініз. Себебі қазір 3 адамның екеуі анемия. Оған мән бере бермейді. Негізінен бұл өте қауіпті. Сондықтан оған ұқыптылық таныту керек. Сондай-ақ ағзаңызды қазірден оразаға дайындаңыздар демекпін.

Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс!

Өзгелердің жаңалығы