Санаулы сәттерден соң григориандық күнтізбеге сәйкес, 2023 жыл есіктен кіргелі тұр. Тарих беттерінде қалып бара жатқан 2022 жыл жалпы әлемге оңай жыл болған жоқ. BAQ.KZ тілшісі барыс жылы орын алған елдегі төтенше оқиғаларға шолу жасап көрген болатын.
Қаралы қаңтар
Жыл басы митингпен басталды. 1 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сағат 17:20-да қала әкімдігінің жанында қала тұрғындары жиналды. Сұйылтылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығының атына бейнеөтініш жазған соң, сол күні сағат 18:00-де адамдар тарады.
2 қаңтарда Маңғыстау облысында сағат 11:00-ден бастап әкімдіктерге, автопарктерге, мешітке жақын жерде сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен облыс тұрғындарының санкциясыз жиындары байқалды. Күн ішінде наразылық білдірушілер саны шамамен бірнеше жүз адамды құрады. Жаңаөзен қаласында акцияларға қатысушылар ішкі автожолдарды жапты.
3 қаңтарда наразылық акциялары басқа қалалар мен аймақтарда басталды. Осы күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің басқа жеті өңірінде: Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстары, БҚО, Нұр-Сұлтан, Алматы және ШҚО «бейбіт» митингілер басталды.
4 қаңтарда митингілер жалғасып, өңірлер саны 11-ге жетті, адамдар рұқсатсыз жаппай жинала бастады. Қатысушылар саны 37 мың адамға (Алматы қ., Нұр-сұлтан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары) дейін күрт артты. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар мен бүліктер басталды.
Айта кетерлігі, сол күннен бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерге және әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру үшін өлімге әкелмейтін арнайы құралдарды қолдана бастады.
5 қаңтарда тәртіпсіздіктер елдің 11 өңірінде жалғасты. Қатысушылар саны 50 мыңға жетті, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні террористер Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын және «Алматы» халықаралық әуежайын басып алды.
Қызылордада шабуылдаушылар 9 автокөлікті өртеп жіберді, Талдықорғанда облыс әкімдігі, полиция және ҰҚКД ғимараттарын басып алды.
Сондай-ақ террористердің іс-қимылын үйлестіруді және байланыс құралдарын пайдалануын болдырмау мақсатында Интернетке кіру шектелгенін атап өтті.
6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция өткізілетіні жарияланды Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады.
7 қаңтарда бейбіт наразылық шаралары бірнеше өңірде (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында) жалғасты.
8 қаңтарда жағдай біртіндеп тұрақтана бастады, азаматтардың рұқсатсыз жиналуы тоқтатылды.
Қаңтар оқиғасына байланысты республика аумағында төтенше жағдай жарияланды. Қайғылы оқиғадан әсіресе Алматы қаласы қатты зардап шекті.
Ақтөбені су басты
Көктем келіп, күннің жылынуы Ақтөбе облысына оңайға соқпады. Өңірдің бірқатар ауданын су басты. Тіпті 15 жастағы қыз бала арыққа құлап кетіп, ажал тырнағынан аман қалды. Облыста бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. 8 мың оқушы қашықтан оқуға мәжбүр болды. 1500 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 71 бау-бақша серіктестігі мен қала сыртындағы үш ауылды су басты.
Теңіздегі жарылыс, Алакөлдегі өрт
Шілде айы да республика үшін төтенше жағдайлармен есте қалды. Теңіз кен орнында жарылыс орын алып, екі жұмысшы мерт болды, үшеуі зардап шекті.
Ал Алакөлдегі бірнеше демалыс орны өртеніп, кәсіпкерлер жиғанынан айырылды. Абырой болғанда, демалуға барған туристер дін аман. Бұл оқиғада да халықтың ауызбірлігі сыналып, бастамашыл топ құрылып, демалушыларға көмек көрсетілді.
Жаздағы елді дүрліктірген тағы бір оқиға – Қостанай облысында үйінен өз бетінше шығып, жоғалып кеткен бес жасар Мәдинаны халық болып іздестіру. Бір жарым мыңнан астам ерікті, әскери қызметкерлер, полиция мен жергілікті тұрғындар жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінен ниеттілер Мәдинаны іздеушілерге тәттіге, сусынға, көлікке деп ақша аударып жатты. Алайда төрт күннен соң балақай ауыл маңындағы тоғандардың бірінен өлі күйінде табылды.
Қостанайдағы алапат өрт
Қыркүйекте Қостанай облысының халқына үлкен сынақ келді. Өңірдегі жойқын орман өрті Әулиекөл ауданындағы 43 мың гектар аумақты шарпыды. Тілсіз жауды ауыздықтау бір аптаға созылды. 91 үйдің күлі көкке ұшып, 2 мыңнан астам қауіпсіз жерге көшірілді.
Жағдайды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алып, өңірге арнайы ұшып барды. Баспанасыз қалған тұрғындарға Үкімет 2,5 ай ішінде жаңа үй салып беретінін айтып, уәде берді.
Бейбіт заманның қаһарманы
Халықтың назарына іліккен қайғылы оқиғаның бірі – Астанадағы тұрғынүй кешеніндегі өрт пен өрт сөндірушінің өлімі. 17 қарашада елордадағы көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде 1 бала ауруханаға түсті. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин пәтерге терезеден кіру үшін құтқару арқанымен 12-қабаттан 11-қабатқа түсерде ішке кіру үшін қоршауды алып тастап, үстіндегі камуфляж киімімен жанып жатқан пәтерден 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін оттан шығарған. Сонымен бірге, қою түтіннен шыға алмай, балконға жасырынған 10 жастағы баланы құтқарып үлгерген. Алайда өз өмірін қатерге тігіп, денесінің 80 пайызын күйік шалған 28 жастағы қаһарман 4 күн өмір үшін күрестен соң ауруханада көз жұмды.
Сондай-ақ қарашада шығыстағы Риддер қаласы жылусыз қалды. 58 мыңнан астам тұрғыны бар қала жағдайы елді елең еткізді.
Күздің соңғы айында Алматыда келеңсіз жайт болды. Мегаполис орталығында екі жолаушылар автобусы соқтығысып, бір адамның өмірін жалмады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Астанадағы е-583 көшесіне өрт сөндірушінің есімі берілді.
«Мұз шаһарға» айналған Екібастұз
27 қарашаға түні Екібастұзда жылу элект орталығынан ақау шығып, 30 градус аязда қала жылу мен ыстық сусыз қалды. Төтенше жағдайға себеп – тозған құбырлар аязға төтеп бере алмаған. 12 күн төтенше жағдай режимінде болған қала тұрғындары жылусыз нағыз сынды бастан өткерді. Қазіргі уақытта қаладағы апатқа байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақша жыл қайыруды ескерсек, Барыс жылы – бірлігіміз сыналған жыл болған екен. Ендеше келе жатқан Қоян жылы оқыс оқиғасыз, берекелі де қамбалы жыл болғай!