Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесінде сақтандыру саласын цифрландыру маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қазақстандықтардың сақтандыру нарығына деген сенімін арттыру және сақтанушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Ццифрландырудың негізгі мақсаты тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін жасақталған. Сақтандыру сапасын арттыру және халық үшін сақтандыру төлемдерін алу рәсімінің ашықтығы мен міндетті автосақтандыру бойынша оңайлатылған төлемдерге көшу 2024 жылдан бастап жүзеге асады.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сақтандыру ұйымдарының активтері 2 трлн 067 млрд теңгені құрады, өсім – 13%. Негізінен бұл сақтандыру сыйақыларының артуы мен инвестициялау есебінен болған. Сақтандыру нарығының міндеттемелері жыл басынан бері негізінен сақтандыру резервтерінің өсуі есебінен 18,8%-ға ұлғайып, 1 трлн 291 млрд теңгені құрады.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі елімізде осы жылдан бастап енгізілді. Қор сақтандыру нарығында банк секторындағы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына ұқсас функцияларды жүзеге асырады.
Сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың шағымдарымен тікелей жұмысты сақтандыру омбудсманы жүзеге асырады.
2022 жылы сақтандыру омбудсманына қарауға 1428 өтініш келіп түсті. Қаралатын істердің 90%-дан астамы міндетті автосақтандыру бойынша. 2022 жылы сотта сақтандыру омбудсманының тек 10 шешіміне қайта шағым жасалды, бұл ретте 10 шешімнің барлығы сотта өзгеріссіз қалғанын атап өтеміз. Бұл сақтандыру омбудсманының сапалы жұмысын және ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес шешімдер шығаруды білдіреді,- дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.