Қаңтар оқиғасының қайталанғанын қаламаймыз - режиссер

12 Желтоқсан 2022, 12:28
1416
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасының қайталанғанын қаламаймыз  - режиссер
Фото: автордан

Елордалық жастар қаңтар оқиғасы туралы фильмді жарыққа шығарған болатын. Сәті түскенде фильмді тамашалап, режиссерлермен әңгіме өрбіттік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылдың қаңтарында Қазақстандықтардың тыныштығын бұзып, қаншама жанның өмірін қыршыннан қиған оқиғаның да болғанына жыл толады. Бұл оқиға мақсаты – биліктің қарапайым тұрғындардың пікірімен санасуын талап етсе, сол уақытты тиімді пайдаланған араңдатушылық топ мемлекеттік ғимараттардың қирауына, құқық қорғау орындарына шабуыл жасауға итермеледі. Салдарынан қарапайым халық запа шекті, қыршыннан қиылды, темір торға тоғытылды.

Бүгін біз осы сәттерді қорқынышты фильм ретінде еске аламыз. Ал, сол уақыттағы көріністі таспаға түсіріп, жастарды ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, қадірлеуге насихаттайтын «Baiqa. Saqta. Qara» атты қысқаметражды фильм жарыққа шықты. Фильм үш бөлімнен тұрады. Оның әрқайсысында сол уақыттағы түрлі оқиға сипатталған.

Фильмнің режиссерлері фильмді түсіру барысында сол уақыттағы әрбір детальді жіберіп алмауға тырыстық дейді. 

Біз жас киноматографистер, Қазбек Рүстембеков, Еламан Шаубанов, Дүйсен Қалымжанов үшеуміз қаңтар оқиғасын суреттейтін осы фильмнің авторымыз. Фильмде командамызбен сол уақыттағы әрбір сәтті жіберіп алмай, көрерменге ұсынуды мақсат тұттық. Еліміздің жастары осы фильмді көру арқылы ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, қастерлеуге тырысатын жігерлі қасиеттерді бойына сіңіреді деген ойдамыз,- дейді олар.

«Baiqa»

Фильмнің бірінші бөлімі осылай аталады. Дулат есімді кейіпкер – құқық қорғау саласының қызметкері. Халыққа адал қызмет көрсетіп жүрген ол, осы оқиғада бір сәтте «халық жауы» атанып шыға келеді. Отан алдындағы міндет, үлгі алатын үйдегі ұрпақ, қыршыннан қиған қызмет... Фильмнің режиссері - Еламан Шаубанов бұл туралы былай дейді.

Біз болған оқиғаның барлық ауыртпашылығын түсіне отырып, жаңа қоғамның қалай құрылатынына жауапкершілік жүктейміз. Сондықтан, бүгінгі күні құқық қорғау қызметкерлеріне әділдік танытып, ал адамдардың адамгершілігін жоғалтпауы маңызды, - дейді ол.

Қаңтар оқиғасының қайталанғанын қаламаймыз  - режиссер

«Saqta»

 Сақта. Қаңтар оқиғасы барысында араңдатушылық топ еліміздегі музейлерге де баса көктеп кіріп, жаншыды. Қаншама жас араңдатушылардың құрбаны болып, олардың соңынан ілесті. Фильмнің екінші бөлімінде осы бір сәт суреттелген. Музей қызметшісінің ұлттық жәдігерлерді қорғау мақсатында көпшіліктің санасын өзгертуге тырысқанын айқын көре аламыз. Соның арқасында құнды жәдігерлер сақталып, бірнеше курсант өмірін аман алып қалды.

Бұл фильмде музей қызметшісі  Бибігүл Дандығараеваның шынайы оқиғасы суреттелген. Ол өз өмірі қауіпке тігіліп тұрса да, ұлттық мұрамызды сақтауға бар күш-жігерін салады. Біз фильмнің авторы ретінде осы туынды арқылы қаңтар оқиғасының қалай болғанын көрсетіп, оны қайталамауға шақырамыз, - дейді фильмнің режиссерлері.

Қаңтар оқиғасының қайталанғанын қаламаймыз  - режиссер

«Qara»

Үшінші кезеңде қаңтар оқиғасынан кейінгі зерттеу жұмыстары көрсетілген. Жоба авторлары «Балаға жаза жамылса, әкеден ізде қылмысты» деп көрсетілгендей әрбір әке өз ұрпағының тәрбиелеушісі екенін көрсетеді. Тәрбие әр шаңырақтан басталуы керек. Үлгілі отбасыда білім алып, ұлтты сүйіп өскен бала ел бірлігінің, ел тәуелсіздігінің қадірін түсінері хақ. 

Қаңтар оқиғасы – бірнеше жанның өмірін жалмады. Оқиғаның зерттелуі, тергелуі барысында түрлі қиындықтар да кездесті. Бұл әлі күнге дейін толық зерттелуді қажет етіп отырған мәселе болып отқаны жасырын емес. Темір торға тоғытылғандардың бірі – араңдатушылар соңынан ергендер болса, енді бірі оқиғаға қызық көремін деп көп арасынан табылғандар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай жандарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойып, бүгінде бір отбасының асыраушылары, бір отбасының үкілеген үміттері бостандыққа шығуда. Бұл ел Президенті жасаған ізгі қасиет. 

Бірлігімізді сақтап, еліміздің дамуында бір кісідей атсалысу – тәуелсіздігіміздің мығым, ұрпағымыздың кемел ертеңі үшін маңызды. Сондықтан, біз де жастарды осы Қаңтар оқиғасынан сабақ алып, еліміздің даму жолында бірге қызмет етуге шақырамыз.

Өзгелердің жаңалығы