Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев қасіретті қаңтар оқиғасында ажал құшқан әскерилердің отбасына көмек көрсетілгендігін мәлім етті.
Облыс әкімінің айтуынша, қаза тапқан 8 күштік құрылым қызметкерлерінің әр отбасына 5 млн теңгеден өтемақы төленген.
Сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен қаза тапқандар мен олардың туыстарының несиелері кешірілді.
Зардап шеккен 135 полиция қызметкері мен әскери қызметшілерге 2 млн теңгеге дейін төленуде. Баспанаға мұқтаж төрт отбасыға тұрғын үй сатып алынуда, – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, Президенттің тапсырмасына сәйкес облыс орталығында қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Облыс әкімдігі, полиция басқармасы және Nur Otan партиясы ғимараттарына жөндеу жұмыстары жасалынып жатыр. Алдын ала есептеулер бойынша 5,9 млрд теңге қажет.