Қаңтар оқиғасы. Қамаудағыларды азаптағандар маскада болған - Бектенов

14 Наурыз 2022, 11:42
1221
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы. Қамаудағыларды азаптағандар маскада болған - Бектенов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көптеген арызданушылар маска таққан және каскада болған полиция қызметкерлерін атап көрсетеді, яғни олардың тіпті жүздерін де көрмеген, аттарын да білмейді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында айтты.

Агенттік төрағасының айтуынша, тергеу арызданушылар мен куәгерлер берген ірілі-ұсақты айғақтар және бейне-бақылау камераларынан сақталған жазбалар арқылы қаңтар оқиғасын егжей-тегжейлі зерделеуде. Бұл жұмыс көптеген бейне-бақылау камераларының жұмыс істемеуімен не тәртіпсіздіктер кезінде кейбіреулерінің бұзылып қалуымен қиындық тудырып отырған көрінеді.

Өтініш берушілердің көбісіне, яғни 172 адамға тәртіпсіздіктерге белсенді қатысушы деген күдік тағылған.

172 тұлғаның ішінен 161-іне қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған, яғни 135-сі қамауда, 9-ы үйқамақта және 2-еуі жеке кепілдікте, 15-інен ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынды.  Жарақаттар көшедегі тәртіпсіздіктерде тікелей алынуы мүмкін деген нұсқа жоққа шығарылмайды. Сондықтан тергеу әрекеттері арызданушылардың дене жарақаттарын алу кезеңін анықтауға бағытталған,-дейді  Олжас Бектенов.

Барлық қылмыстық істер бойынша қажетті сот сараптамалары тағайындалған, оның ішінде сот-медициналық, психологтық-психиатриялық, психологтық-криминалистік, компьютерлік-техникалық, биологиялық. Осы сәтте 46 арызданушыда жеңіл дене жарақаты, 6-ауында орташа дене жарақаты анықталған. Ал, 25 адамда дене жарақаты анықталмаған, қалғандары бойынша сараптамалар жүріп жатыр.

Егер тергеу барысында оларға физикалық және психикалық ықпалдар көрсетілгені заңды әрекеттер нәтижесінде анықталса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚК-нің 146-бабына сәйкес тоқтатылатын болады.  Лауазымды адамдардың заңды әрекеттерi нәтижесiнде келтiрiлген тән зардабы мен психикалық зардап азаптау деп танылмайды. Біздің істер бойынша қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдікті ретінде танылмаған. Әрбір процестік шешім заңмен талап етілетін болғандықтан, прокуратурамен келісіледі,-деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы