Қаңтар оқиғасы. Депутат тергеу изоляторында іздеушісі жоқ бірнеше жас баланы босатуды сұрады

9 Ақпан 2022, 18:15
1947
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы. Депутат тергеу изоляторында іздеушісі жоқ бірнеше жас баланы босатуды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған азаматтардың тағдырына қатысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады.

Ол 4-5 ақпанда Мәжілістің бір топ депутаттары қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, тергеу изоляторларына қамалған азаматтармен, олардың туыстарымен кездескендерін айтты.

Бізге қамауға алынғандардың туыстарынан олардың істерін әділ қарауды және жазықсыздарды босатуды сұраған 70-тен астам арыз түсті. Одан басқа әлеуметтік желіде жариялаған жеке телефоныма да күніне ондаған арыз шағымдар түсуде. Өсіріп жеткізіп, енді қызығын көремін деп отырған балаларынан айырылып, түрменің табалдырығын тоздырып, ешкімнен пана таба алмай жүрген аналардың ащы зарын ешбір брифингтен ешқандай министр жеткізе алмайды. Аналардың көз жасы мен наласын өз көзімізбен көріп, жұбататын сөз таппадық, - дейді Дүйсенбинов.

Оның сөзінше, ұсталғандардың кейбіреулері жалпы топтың толқынына ілесіп, заңсыз әрекеттер жасағанын мойындап отыр.

Бүгінде олардың көпшілігі өздерінің басқа мақсатта пайдаланылғанын түсініп, өкінуде. Ауыр қылмыстар мен кісі өлтірулер басталған кезде, алаңдағы топты тастап қайтып кетпек болғаны, алайда, белгісіз біреулер қарумен қорқытып, оларды тәртіпсіздік пен тонауға мәжбүрлеп, көпшілік арасынан шығуға мүмкіндік бермегені жайлы мысалдар да бар.  Біздің фракция 26 қаңтардағы депутаттық сауалында бейбіт тұрғындарды ғимараттарды қиратқан бұзақылар мен кісі өлтірген қанішерлерден ажыратуды ұсынған болатын. Мемлекеттік төңкеріс жасап, жүздеген адамның өмірін қиғандар заң талабына сай, қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс, - деп айтты мәжілісмен.

Депутат тергеу изоляторында радикалды ағым өкілдерін де көргенін айтты. 

Әлеуметтік желілерде тұрғын үйлердің терезелеріне автоматтан оқ жаудырған, мемлекеттік мекемелерді басып кірген, адамдарға шабуыл жасаған содырлардың лаңкестік әрекеттері бейнеленген материалдар жеткілікті. Әрине, мұндай фактілермен тергеу айналысуы керек.  Құқық қорғаушы Айман Омарова атап өткендей, лаңкестердің көпшілігі елден шығып үлгерген көрінеді. Бұл мәселемен де жіті айналысу қажет. Осы ретте, шалыс қадам басқан жастарымызға қатысты мемлекет тарапынан гуманизм таныту қажет деп есептейміз, - дейді Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов.

Депутаттар адамдарды өлтіруге және ғимараттарды талқандауға қатысы жоқ ұсталғандардан ешқайда кетпеу туралы қолхат  алып, уақытша ұстау изоляторынан босату керек деп санайды. Ұсақ заңбұзушылыққа жол бергендерді қылмыстық істерді тоқтатып, ата-аналарының жауапкершілігімен үйлеріне жіберілгені жөн.

Сондай-ақ тергеу изоляторында жақында ғана балалар үйінен шыққан,  іздеушісі жоқ бірнеше жас бала бар. Олар үшін жазасын ауырлататын жағдай болмаса, мен, өз атымнан, босатуды талап етемін. Ал қамауда қалатындарға, тергеу барысына араласпай, азаптау мен ұрып-соғудан қорғауды, жарақат алғандарға немесе басқа мұқтаждарға медициналық көмек көрсетуді және адвокаттык қорғауды қамтамасыз етіп, тергеу амалдары кезінде қорғаушылардың міндетті түрде қатысуын талап етеміз, - деп атап өтті ол өз сауалында.

Дүйсенбинов бұл жұмысты ұйымдастыру үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарының арасынан жедел түрде Парламенттік комиссия құрып, оны тез арада қамауда отырған Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Атырау, Ақтобе қалаларының тергеу изоляторларына жіберуді ұсынды. 

Өзгелердің жаңалығы