Бұл туралы ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев Президент жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қаңтар айындағы оқиғалар бойынша барлығы 4 642 қылмыстық іс қозғады, оның ішінде 2,5 мыңнан астамы – ұрлық, 708 қару ұрлау немесе оны сақтау фактісі, 418 бұзақылық, 199 мүлікті жою фактісі, 26 қарақшылық және тонау. Осы қылмыстық істер аясында полиция тергеушілері 15 мыңға жуық адамнан жауап алды. 35 мыңнан астам тергеу әрекеті және 2,5 мың сараптама жүргізілді, - деді Қожаев.
Ол атағандай, 1 731 азамат жәбірленуші болып танылды.
343 млн теңгеден астам сомаға шығынды өтеу қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні өндіріспен 969 іс аяқталды, оның ішінде 594 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды. Сотта қарау нәтижесі бойынша 500 адамға қатысты үкім шықты, олардың көпшілігі бас бостандығынан шектелді, бұл 398 адам, ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 92 адам ғана бас бостандығынан айырылды, - деді ол.
Қожаев атағандай, қазір полиция тергеушілерінің өндірісінде 289 іс бар.
Оның ішінде 20-сы бойынша күдікті адамдар анықталған (27 адам), олардың 6 күзетпен қамауда ұсталуда (1 - кісі өлтіру бойынша, 1 - ұрлық бойынша, 1 қаруды сақтау бойынша, 2 қарақшылық, 1 қаруды ұрлау бойынша). Жақын арада бұл қылмыстық істер бойынша түпкілікті шешім қабылдау жоспарланған, - деді ол.