Қаңтар оқиғасы бойынша азаматтар әлі де арыз-шағыммен келіп жатыр – «Ақиқат» комиссиясы

30 Наурыз 2022, 13:21
2098
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы бойынша азаматтар әлі де арыз-шағыммен келіп жатыр  – «Ақиқат» комиссиясы
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Ақиқат» азаматтық комиссиясының төрайымы Айман Омарова Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде Қанды қаңтар оқиғасы бойынша азаматтар әлі де арыз-шағыммен жүгініп жатқанын айтты.

Қаңтар оқиғасы бойынша азаматтар күнде жазады, кеше екі адамның өлімі бойынша шағым келтіп түсті. Ол екі адамды кранның үстінде тұрған жерінен атып тастаған. Одан бөлек бизнесі зардап шеккен және әлі күнге дейін өтемақы ала алмай жүрген кәсіпкерлер бізге жүгінуде. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі бұл азаматтардың мәселесін әлі шешкен жоқ,-деді комиссия төрайымы.

Сонымен қатар ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, Қылмыстық кодекстің 272 бабымен қаралып жатқан жастардың ата-анасы комиссияға араша сұрап жүгініп жатқанын жеткізді.

Көбі менің балам тәртіпсіздікке қатысқан жоқ дейді, алайда видеода олардың жүргені көрініп тұр. Тағы кейбірі «ұсталғандардың кейбірін үйқамаққа жібереді, менің баламды неге қамап қойды» деген сауалмен шығып жатыр,-деді Омарова.

Комиссия төрайымы сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде Ауғанстаннан содырлар келгені туралы әңгіменің шеті шыға бастағанын айтты.

Ауғанстаннан келген адамдар жаппай тәртіпсіздікке қатысып, дәрігерлерге қаралғаны туралы ақпарат бар. Одан бөлек ауғандықтар қазақпыз деп ықтиярхат алып, Қаңтар оқиғасынан кейін жоқ болып кеткені туралы мәлімет бар. Оны ешкім айтпай жатыр,-деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы