Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысында мемлекеттік органдардың 4 нысаны жөнделді. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
2021 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық саласында өсім байқалады. Өнеркәсіп өндірісі 11,8%, сауда көлемі 22,2%-ға өссе, ауыл шаруашылығы көлемі 1 трлн-ды құрады, - деді Бозымбаев.
Облыс әкімінің сөзінше, өңірде 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа беріліп, облыс экономикасына 728 млрд теңге инвестиция тартылды. Биыл да экономика өсімі сақталып отыр.
Облыс орталығында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдардың 4 нысаны жөнделді. Облыс әкімдігі, полиция басқармасы және Nur Otan партиясы ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлерінің отбасыларына 5 млн теңгеден өтемақы төленді. Екінші деңгейлі банктердегі несиелері кешірілді, - деп түсіндірді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, зардап шеккен 135 полиция қызметкері мен әскери қызметкерге 2 млн теңгеден төленді.
Сондай-ақ шағын және орта бизнестің 147 субъектісіне жалпы сомасы шамамен 4 млрд теңгеге келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыс басталды.